Басты жаңалық

Абай мұрасын ұлықтаған «Abai Route»

Семинар, зияткерлік сайыс, тарихи-танымдық сапар мен еріктілер қызметін бір арнаға тоғыстырған «Abai Route: Бірлік пен мұра жолы» мәдени-ағартушылық жобасы жастардың ұлттық мұраға қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Қауымдастық нысанындағы «Қазақстан Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің «Тарих пен мәдениет саласында волонтерлікті дамыту» жобасы аясында «Салауат» Шығыс Қазақстан облыстық жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан бастамаға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, жастар және еріктілер бар.

Жобаның басты мақсаты – Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, тарихи-мәдени мұраны жас ұрпаққа заманауи әрі түсінікті форматта таныстыру, ұлттық құндылықтарға қызығушылықты арттыру және мәдени волонтерлікті дамыту.

Жоба аясында оқушылар мен студенттерге арналған танымдық семинарлар ұйымдастырылып, Абайдың өмір жолы, шығармашылық мұрасы, өлеңдері мен қара сөздерінің тағылымдық мәні кеңінен талқыланды. Қатысушылар білім, еңбек, адамгершілік, әділет, ар-ұят және ел бірлігі туралы ой бөлісті. Сондай-ақ ақынның «Толық адам» тұжырымдамасы қазіргі жастар тәрбиесімен сабақтастырылды.

Жастардың білімін шыңдаған маңызды бағыттардың бірі – «Abai Route Quiz: Бірлік пен мұра жолы» интеллектуалды викторинасы. Командалар Абайдың өмірі мен шығармашылығы, қара сөздері, ақындық мектебі және тарихи мекендеріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, логикалық тапсырмаларды орындады. Зияткерлік сайыс жастардың білімін арттырып қана қоймай, командалық бірлік пен өзара ынтымақтастықты нығайтты.

Жобаның ерекше кезеңі – «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ұйымдастырылған тарихи-танымдық сапар болды. Қатысушылар Күшікбай асуын, Бөрілідегі Мұхтар Әуезовтің музей-үйін, Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақты және Жидебайдағы Абай музей-үйін аралады. Осы арқылы жастар ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын тарихи мекендермен байланыстыра таныды.

Бастаманың маңызды ерекшелігі – мәдени-ағартушылық жұмыстардың волонтерлік қызметпен ұштасуы. Еріктілер қатысушыларды қарсы алу, тіркеу, бағыттау, іс-шараларды үйлестіру, ақпараттық материалдар тарату және фото-бейнематериалдар жинауға белсенді атсалысты. Олардың еңбегі жастарды ортақ іске жұмылдырып, тарихи-мәдени мұраға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

«Abai Route: Бірлік пен мұра жолы» жобасы жастардың Абай мұрасын тереңірек танып, ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік берді. Білім, тарихи таным және волонтерлікті бір арнаға тоғыстырған бастама жастарды бірлікке, елжандылыққа және мәдени мұраны сақтауға үндейтін маңызды алаңға айналды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button