Басты жаңалық

Абай облысында 12 инвестициялық жоба мақұлданды

Абай облысында жалпы құны 19,2 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба мақұлданды. Олардың жүзеге асуы нәтижесінде 443 жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобалар облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен инвестиция тарту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды.

Бастамалар ауыл шаруашылығы, балық өсіру және өңдеу, көлік-логистика, құрылыс материалдарын өндіру, сауықтыру және спорттық-ойын-сауық нысандарын салу салаларын қамтиды.

Атап айтқанда, Көкпекті ауданында балық өсіру және өңдеу кешенін, Семей қаласында сауықтыру кешені мен ипподром салу жоспарланған. Сонымен қатар Семейде теміржол тұйығы, қойма кешендері, логистикалық хаб, бетон өндіру станциясы, асфальт зауыты және құрама жем өндіру кешені бой көтермек.

Жаңасемей ауданында бетон бұйымдарын өндіру, инертті материалдарды сақтау және өңдеу, сондай-ақ логистикалық кешен ұйымдастыру жобалары ұсынылды.

Облыс әкімі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда қала және аудан әкімдерінің жауапкершілігі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, инвесторлардың өтініштері уақтылы қаралып, әкімшілік кедергілерге жол берілмеуі керек.

Кеңес қорытындысы бойынша мақұлданған жобаларды ерекше бақылауға алып, олардың іске асырылу барысын тұрақты қадағалау тапсырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button