Семейде жаңа ауруханалар, театр және стадион салынады

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен Семей қаласын дамыту мәселелеріне арналған жиын өтті. Басқосуда қаланың Бас жоспарын әзірлеу, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысы, жол және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ «Абайға құрмет» акциясы аясындағы жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Жиында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Тілемесов, сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мекетаев, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мерей Байырхан, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Аслан Оқасов пен Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев баяндама жасады.
Қазіргі уақытта «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде әлеуметтік, мәдени, білім және спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бірқатар нысан бойынша жобалау және қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жалғасуда. Қалада BINOM мектебінің құрылысы басталған.
Сонымен қатар облыс орталығында 300 төсек-орынға арналған облыстық көпсалалы аурухана мен көпсалалы облыстық балалар ауруханасы салынады. Драма театр, стадион және өнер орталығын салу жобалары бойынша да тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Жиында Семей қаласының Бас жоспары мен әкімшілік-іскерлік орталықтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл құжаттардың уақтылы дайындалуы жаңа нысандардың құрылысын бастауға, жер телімдерін рәсімдеуге және инженерлік желілерді тартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты электр, жылу және сумен қамтамасыз ету, Қарағайлы тұрғын ауданындағы инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды.
Бұдан бөлек, қаладағы жол инфрақұрылымын жаңғырту және Үкімет қаулысымен мердігерлері айқындалған жобаларды іске асыру барысы талқыланды. Атап айтқанда, Шугаев пен Сәтбаев көшелерінің қиылысында көлік қозғалысын әртүрлі деңгейде ұйымдастыруға арналған жолайрықты қайта жаңғырту жоспарланып отыр.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Берік Уәли қаладағы жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы жүзеге асыру үшін жауапты мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді жұмыс істеуі қажеттігін атап өтті.
«Семей қаласын дамытуға бағытталған әрбір жобаның жүзеге асырылуы қатаң бақылауда болуы тиіс. Қазір облыс орталығында құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Ең бастысы, әрбір жоба уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуы қажет. Мемлекет басшысы, Үкімет барлығын қадағалап отыр. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруымыз керек», – деді Берік Уәли.



