Тұңғыштар мекенінде тұсауы кесілген «Қарағай» қойылымы

Абай театрында бүгін сахналанған «Қарағай» драмасы көрерменге жай ғана спектакль емес, қоғамның ең ауыр әрі өзекті мәселелерін қозғаған терең философиялық туынды ретінде жол тартты. Табиғат тағдыры мен адам тағдырын қатар өрген қойылым залдағы көрерменді үнсіз ойға қалдырды. Сахнадағы әр диалог, әр кейіпкердің ішкі арпалысы бүгінгі қоғамның шындығымен астасып жатты. Премьера соңындағы ұзақ қошемет те көрерменнің қойылымды ерекше қабылдағанын аңғартты.
Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрында өткен премьера Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында сахналанды. Абай облысының әкімі Берік Уәлидің қолдауымен жүзеге асқан жобаға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен театр ұжымы ұйытқы болды.

Қойылымның авторы – жас драматург Жәнібек Әлікен. Ал спектакльді режиссер Серікжан Айтқалиев сахналаған. Қойылымның көркемдік шешімін суретші Жоламан Жанабаев жасап, музыкалық атмосферасын композитор Дидар Исахан толықтырды. Хореограф Адлет Таменов сахна пластикасын дайындаса, жарық суретшісі Олжас Қалмырза спектакльдің психологиялық иірімдерін тереңдете түсті. Сонымен қатар режиссер ассистенті Ұлан Заманбек пен редактор Еңлік Саматованың еңбегі қойылымның тұтас құрылымын айқындады.
«Қарағай» — бүгінгі қоғамның бетпердесін сыпыратын өткір әлеуметтік драма. Шығарма желісі орман ішінде басталғанымен, мәселе тек табиғат жайында емес. Қойылым қоғамдағы әділетсіздік, заңның әлсіздігі, ар мен пайда арасындағы күрес, жауапкершілік пен сатқындық тақырыптарын алға шығарады. Табиғатты қорғауға міндеттелген адамдардың өз қолымен оны құртуы арқылы автор адам бойындағы ашкөздік пен немқұрайлылықты ашады. Сахнадағы оқиға бір өңірдің ғана емес, тұтас қоғамның көрінісіне айналады.

Қойылымның астарында Абай облысы бастан өткерген ауыр кезеңдердің ізі де анық сезіледі. Әсіресе 2023 жылғы алапат орман өрті спектакльдің эмоциялық салмағын күшейте түскендей. Театр директоры Нартай Сауданбекұлы қойылым идеясының сол қасіретпен де байланысты екенін айтты.
– 2023 жылғы орман өрті – өңір үшін ауыр сынақ болды. Сол жерде қаншама маман ерлікпен қаза тапты. Біз сол азаматтардың рухына тағзым ретінде олардың есімдерін қойылымда атап өтуді жөн санадық. Бұл – біздің перзенттік борышымыз. Семейдің алақандай орманын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. «Қарағай» атауының да астарында терең мағына бар. Көрермен осы қойылымнан үлкен ой түйсе екен дейміз, – деді театр басшысы.

Премьераның тағы бір ерекшелігі – спектакльге арнайы Алматы қаласынан танымал театр және кино актері Дархан Сүлейменовтің шақырылуы болды. Ол қойылымдағы Жанболат рөлін сомдап, сахнадағы шынайы ойынымен көрермен ықыласына бөленді. Көпшілікке «Дулати», «Абай», «Сарай сыры» секілді тарихи фильмдердегі Махамбет Өтемісов бейнесі арқылы танылған актер бұл жолы мүлде басқа қырынан көрінді.
Жанболаттың ішкі қайшылығы, әділет іздеген жанның арпалысы, қоғам алдындағы жауапкершілігі актердің орындауында әсерлі шықты. Сахнадағы әр сөзі мен эмоциясы көрерменді оқиғаға сендіріп отырды.

– Бұл қойылымға арнайы шақырылдым. Режиссер Серікжан Айтқалиев пен автор Жәнібек Әлікеннің шығармашылық ойы бір жерден шығып, кейіпкерді мені елестете отырып жазған екен. Абай еліне келу – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – рухани, киелі мекен, – деді Дархан Сүлейменов.
Ал қойылым авторы Жәнібек Әлікен театр ұжымының өзекті мәселеге батыл баруын жоғары бағалады.
– Президент Жолдауына байланысты еліміздегі 70 театрдың ішінде алғаш әрі жедел үн қатып отырған театр осы. Осындай маңызды жұмысқа менің де қатысым барына қуаныштымын, – деді драматург.

Абай облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай бұл спектакльдің қоғам үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Қойылым облыс әкімі Берік Уәлидің қолдауымен сахналанды. Мұнда «Заң мен тәртіп», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» бастамалары кеңінен қамтылған. Сонымен қатар биылдан бастап жаңа қойылымдарға елімізге танымал актерлерді шақырып, шығармашылық байланысты нығайтуды қолға алып отырмыз. Бұл көрерменге де, театр ұжымына да үлкен серпін береді, – деді ол.
Премьераға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов та қатысып, қойылымның тәрбиелік мәніне тоқталды. Оның айтуынша, спектакль қоғамда адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын дәріптеуге ықпал етеді.
Қойылым барысында зал іші бірнеше рет үнсіз қалып, сахнадағы оқиғамен бірге тыныстағандай әсер қалдырды. Әсіресе табиғат пен адам арасындағы байланыс, заң мен ардың тартысы көрерменге ауыр ой салды. Спектакль соңындағы ұзақ қол шапалақ театр ұжымына ғана емес, сахна арқылы қоғамның шындығын айтуға талпынған шығармашылық ұжымға берілген баға іспетті болды.

«Қарағай» – табиғат жайлы қойылым емес. Бұл – адам туралы драма. Ар, жауапкершілік, туған жер алдындағы парыз сынды ұғымдарды көтерген шығарма. Абай театрындағы бүгінгі премьера көрерменге әсер сыйлап қана қоймай, қоғамға маңызды сауал тастай алғанымен құнды болды.



