Конституцияның 2-бабы: ел тұтастығы – басты құндылық
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 2-бабында мемлекеттің унитарлық сипаты, басқару үлгісі және аумақтық тұтастығы айқындалған. Бұл бап елдің біртұтас мемлекет ретіндегі негіздерін бекітеді.
Ата Заңға сәйкес, Қазақстан – унитарлы мемлекет, басқару үлгісі – президенттік республика. Мемлекеттің егемендігі бүкіл аумағын қамтиды. Қазақстан өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ елдің әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңмен айқындалатыны көрсетілген. Астана қаласы Қазақстанның елордасы ретінде белгіленген. Ал баптың жетінші тармағында мемлекеттің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісінің өзгермейтіні бекітілген.
Бұл нормалардың Абай облысы үшін де маңызы зор. Өңірдің дамуы мен елдің өзге аймақтарымен байланысын нығайту – біртұтас мемлекеттің аумақтық және экономикалық әлеуетін арттырудың бір бөлігі.
Бүгінде Абай облысында көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, ауданаралық жолдарды жаңарту, өндіріс орындарын ашу және ауылдық елді мекендердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Семей қаласы мен аудандардың әлеуетін арттыру, тұрғындарға сапалы инфрақұрылым ұсыну өңірдің ел экономикасындағы орнын нығайтуға ықпал етеді.
Конституцияның 2-бабы Қазақстанның біртұтас мемлекет екенін ғана емес, оның егемендігі мен аумақтық тұтастығының мызғымас құндылық екенін де айқындайды.



