Республика күніне орай Семейде жаңа саябақ ашылды

25 қазан – Республика күні қарсаңында Семей қаласының Қарағайлы ықшам ауданында жаңа саябақтың салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, қала әкімі Әділет Қожанбаев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсім кезінде облыс әкімі Берік Уәли жиналғандарды мерекемен құттықтап, жаңа нысанның қала өміріндегі маңызын атап өтті.
«Бұл саябақ – семейліктердің демалып, серуендейтін жаңа орны. Оның архитектуралық шешімі киіз үйдің пішініне ұқсас. Алдағы уақытта мұнда мемлекеттік Ту орнату жоспарланып отыр», – деді аймақ басшысы.
Жалпы аумағы 53 мың шаршы метрді құрайтын саябақта мыңға жуық қарағай мен шырша көшеттері, 9 500 сәндік бұта және 8 000-ға жуық көпжылдық гүл отырғызылған. Сондай-ақ 24 мың шаршы метр аумақ көгалдандырылып, 20 мың шаршы метрден астам жерге тас төселген.
Саябақтың басты көрнекілігі – қазақ халқының рухани мұрасы мен тәуелсіздіктің символы саналатын «Алтын адам» ескерткіші. Бұл нысан Алматы облысынан тарту ретінде әкелінген.
Мерекелік шара соңында «Алатау серілері» тобы мен Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония әртістері өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.



