Аягөз қаласында 600 орындық жаңа мектеп ашылды
Абай облысының Аягөз ауданында ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында 600 орынға арналған жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ұстаздар мен оқушылар қатысты.
Аймақ басшысы Берік Уәли Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласына айрықша назар аударып отырғанын атап өтті. «Бұл – облыстағы төртінші жаңа мектеп. Ол Аягөз қаласындағы орын тапшылығын жойып, балаларға заманауи білім алуға мүмкіндік береді», – деді әкім.
Министр Жұлдыз Сүлейменова өңір оқушылары халықаралық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп жүргенін айтып, алдағы уақытта осындай мектептердің Ақсуат, Мақаншы және Үржар елді мекендерінде де салынатынын жеткізді.
Жаңа мектептің жалпы аумағы – 9 992,8 шаршы метр. Ғимаратта физика, химия, биология, информатика, STEM және робототехника кабинеттері, спорт және акт залы, асхана, медициналық пункт бар. Білім ордасында 42 педагог еңбек етеді, оқыту толықтай қазақ тілінде жүргізіледі.
Бұл – «Келешек мектептері» жобасы бойынша Абай облысында ашылған төртінші мектеп. Бұған дейін Бесқарағай, Семей және Водный елді мекендерінде жаңа білім ұялары пайдалануға берілген.




