Қытайда «Шәкәрім» орталығы ашылды

Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми және мәдени серіктестік жаңа деңгейге көтерілді.
2025 жылғы 6 қараша күні Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Сиань Цзяотун университетінде Шәкәрім университетінің қатысуымен «Шәкәрім» Қазақ–Қытай мәдени зерттеулер орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Бұл – ұлы ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлының есімін иеленген, шетелде ашылған тұңғыш ғылыми-мәдени орталық.
Орталықтың негізгі мақсаты — қазақ халқының рухани мұрасын, соның ішінде Шәкәрімнің философиялық және мәдени мұраларын Қытайда кеңінен таныту, сондай-ақ екі ел арасындағы ғылыми-инновациялық және мәдени байланыстарды нығайту.
Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, ҚР Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, проректор Ерасыл Дулатбай, «Шәкәрімтану» орталығының жетекшісі Тұрдықұл Шаңбай және Қытай тарапының өкілдері қатысты.
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков өз сөзінде бұл орталықтың ашылуы екі елдің мәдениеттерін және жас ұрпақтарын жақындастыратын маңызды бастама екенін атап өтті:
«Бұл орталық ғылыми және рухани тұрғыдан Қазақстан мен Қытай арасындағы сенім мен достықтың символына айналады», — деді ол.
Ал вице-министр Гүлзат Көбенова:
«Шәкәрім орталығының ашылуы — мәдени дипломатия мен интеллектуалды серіктестікті дамытудың жарқын үлгісі. Бұл — сенім мен өзара танымның көрінісі», — деп атап өтті.
Жаңа орталық аясында екі елдің ғалымдары мен студенттері бірлескен зерттеулер жүргізіп, мәдени тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.
«Шәкәрім» орталығы қазақ руханиятының шетелдегі жаңа ғылыми шаңырағына айналып, Шығыс пен Батысты жалғайтын рухани көпір болмақ.



