Семейде 1 млн теңге ұрлаған әйел ұсталды

Семей қаласының полициясына 25 жастағы тұрғын 1 000 000 теңгенің жоғалғаны туралы арызбен жүгінді.
Тексеру барысында жәбірленуші марқұм әжесінен мұраға қалған 3 миллион теңгені сөмкесіне салып, 42 жастағы көршісіне қонаққа барғаны белгілі болды. Қыз бөлмеден қысқа уақытқа шығып кеткен сәтте сөмке қараусыз қалған. Осыны пайдаланған көршісі ақшаның бір бөлігін жасырын түрде алып кеткен.
Жәбірленуші банкоматқа барып, қаражатты шотына салмақ болған кезде соманың толық еместігін байқап, бірден полицияға хабарлаған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, бөлімге жеткізілді. Тергеу кезінде ол өз кінәсін мойындады. Ұрланған ақша тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктіге процессуалдық мәжбүрлеу шарасы — келу туралы міндеттеме қолданылды.



