Басты жаңалық

Жаңасемейде бос жатқан алқаптар иесіз қалмайды

Жаңасемей ауданында ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Соңғы жылдары жердің бос жатқаны туралы тұрғындар да, шаруалар да жиі айтып келеді. Осыған байланысты мемлекет пайдаланылмай жатқан алқаптарды қайтару жұмыстарын күшейтіп отыр.

Облыстық жоспар бойынша ауданда 20 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару көзделген болса, бүгінгі таңда 14 027 гектар жер айналымға қайта қосылды. Бұл – жоспардың 70% орындалғанын көрсетеді. Жыл соңына дейін көрсеткішті толық жасау міндеті қойылған.

Сонымен қатар 43,7 мың гектар жерге қатысты заң бұзушылық деректері анықталып, 37 жер пайдаланушы жөнінде материал қозғалды. Қазір 12 субъектіге тексеру жүргізілуде (19 500 гектар). Бұл бағыттағы бақылауды облыстық жер ресурстарын басқару департаменті атқаруда.

Жерге сұраныс та аз емес:

• электронды база арқылы 8 өтініш,

• жер бөліміне 36 өтініш түскен.

Қазіргі уақытта 46 учаске конкурстық беруге дайындалуда:

– 21 учаске (13 519 га) – көлемі 1000 гектарға дейін

– 25 учаске (42 205,6 га) – көлемі 1000 гектардан жоғары

Жалпы 55 724,6 гектар жер ауыл шаруашылығына қайта пайдалануға беріледі. Бұған дейін өздеріне тиесілі жерді игермеген жер пайдаланушыларға да талап күшейеді.

Мамандардың айтуынша, жер нағыз еңбек ететін адамның қолына өтуі керек. Бұл — өңір ауыл шаруашылығының дамуы мен азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды қадам.

Басқа жаңалықтар

Back to top button