Семей медицина университеті 2025 жылғы жұмыс қорытындысын ұсынды

Медициналық университет 2025 жылғы қызметінің негізгі бағыттары бойынша есеп берді. Есепте білім беру сапасы, ғылыми-зерттеу жұмысы, клиникалық қызмет және инфрақұрылымдық даму бойынша көрсеткіштер атап өтілді.
Университетте 6300-ден астам студент оқиды, оның 14%-ын шетелдік білім алушылар құрайды. Тәуелсіз емтихандарды алғашқы талпыныстан тапсыру көрсеткіші биыл 100%-ға жуық болды.
Ғылым саласында жарияланымдар саны артты, халықаралық дерекқорларда университеттің позициясы нығайды. Ғылыми жобалардың жалпы қаржыландыру көлемі 1,5 млрд теңгеге жетті.
Клиникалық бағытта жоғары технологиялық операциялар саны көбейді, университет госпиталінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жапония үкіметі инсульт орталығына арналған жабдық сатып алуға 7 млн доллар көлемінде грант бөлді.
Халықаралық серіктестік аясында 250-ден астам студент шетелде тағылымдамадан өтті, сондай-ақ 30-ға жуық визитинг-профессор дәріс оқыды.
Өңірлердегі кадр тапшылығын азайту мақсатында түлектерді ауылдық медициналық ұйымдарға жіберу жұмысы жалғасуда. Биыл 100-ден астам жас маман өңірлік ауруханаларға жұмысқа орналасты.
Университет алдағы кезеңде жаңа зертханалық кешен мен университеттік аурухана құрылысын бастауға ниетті.



