Семейде жол, көпір және экология бағытында ірі жобалар іске асуда

Тұрғындардың жол сапасына қатысты көтеріп жүрген мәселелері орынды. Биыл орташа жөндеу аясында 19,7 млрд теңгеге 358 шақырым автожол жөнделді. Оның ішінде Семей қаласында 52 көшеде жөндеу жүргізіліп, 36 көше алғаш рет асфальтталды. Алдағы жылы мұндай көшелер саны екі есеге артпақ. Сонымен қатар 40 аула асфальтталып, 35 аула абаттандырылды.
Қалада Қарағайлы шағын ауданында жаңа саябақ ашылып, Қарағайлы мен Энергетик шағын аудандарын «Омбы – Майқапшағай» тас жолымен жалғайтын жаңа көше пайдалануға берілді. Жоба аясында жаяу және веложолдар салынып, жарықтандыру орнатылды.
Көпір инфрақұрылымына келсек, Семейде төрт жолақты жаңа көпір салу жобасы жүзеге асуда. Жобаның жалпы құны – 46,6 млрд теңге. Құрылыс Мемлекет басшысының қолдауымен Қытай Халық Республикасының гранты есебінен аяқталады. Сонымен қатар аспалы көпірде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, күрделі жөндеуге арналған жобалық құжаттама әзірленуде.
Бұдан бөлек, қытайлық компаниямен қаланы айналып өтетін автожол салу туралы келісім жасалды. Жоба 2028 жылға дейін іске асырылмақ.
Экология саласында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Семейде заманауи қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынады. Жобаны жүзеге асыру үшін түркиялық «Makimsan A.T.S St.» компаниясымен меморандумға қол қойылып, дайындық жұмыстары басталды. Жобаның құны – 8,9 млрд теңге.



