Басты жаңалық

2026 жылдан бастап қазақстандықтардың өмірінде не өзгереді?

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда бірқатар әлеуметтік-экономикалық және әкімшілік өзгерістер күшіне енеді. Бұл жаңашылдықтар азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.

Ең алдымен, айлық есептік көрсеткіш өседі. 2026 жылы АЕК мөлшері 4 325 теңге болып бекітілді. Осыған байланысты әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар және айыппұлдар көлемі ұлғаяды. Ал ең төменгі жалақы өзгеріссіз қалып, 85 мың теңге деңгейінде сақталады.

Зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер де қайта қаралды. Базалық мемлекеттік зейнетақы 35 596 теңгеге дейін өссе, ең төменгі зейнетақы 69 049 теңге болады. Сонымен қатар ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге болып белгіленді.

Бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар көлемі артады. Бір реттік мемлекеттік төлемдер мен ай сайынғы жәрдемақылар АЕК өсіміне сәйкес қайта есептеледі. Сондай-ақ көпбалалы аналарға, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелеріне төленетін төлемдер де көбейеді.

2026 жылдан бастап құжат рәсімдеу құны қымбаттайды. Паспорт, жүргізуші куәлігі, неке қию және ажырасу кезінде төленетін мемлекеттік баж мөлшері өседі. Дегенмен жеке куәлік алғаш рет берілгенде және жарамдылық мерзімі аяқталған соң тегін рәсімделеді.

Айыппұлдар да ұлғаяды. Қоғамдық тәртіпті бұзу, жол ережесін сақтамау, қоқыс тастау, тыныштықты бұзу және басқа да құқықбұзушылықтар үшін салынатын айыппұл мөлшері АЕК-ке байланысты өседі.

Мобильді аударымдар қатаң бақылауға алынады. Егер жеке тұлғаның шотына үш ай ішінде 100-ден астам адамнан ақша түсіп, жалпы сома ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асса, бұл кәсіпкерлік табыс белгісі ретінде бағаланып, мәліметтер салық органдарына жолданады.

Жаңа жылдан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енеді. Қосылған құн салығының базалық мөлшерлемесі 16 пайызға дейін өзгереді. Ал дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге жеңілдетілген ставка енгізіліп, бірқатар әлеуметтік бағыттағы қызметтер салықтан босатылады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де өзгерістер болады. Сақтандырылған азаматтар жоспарлы медициналық қызметтердің кең ауқымын ала алады, ал бірқатар созылмалы аурулар бойынша емдеу мен дәрі-дәрмек толықтай МӘМС есебінен көрсетіледі.

Сонымен қатар қаңтар айында қазақстандықтар бірнеше күн қатарынан демалады. Қысқы каникулдан кейін 8 қаңтардан бастап оқушылар үшін үшінші тоқсан басталады.

Осылайша, 2026 жылдан бастап енгізілетін өзгерістер әлеуметтік төлемдерден бастап салық салу мен медициналық қызметтерге дейінгі көптеген саланы қамтып, азаматтардың өміріне тікелей әсер етпек.

Басқа жаңалықтар

Back to top button