Басты жаңалық

Банктерде қауіпсіздік күшейеді

Қазақстанда шілде айынан бастап банк қосымшаларына қойылатын қауіпсіздік талаптары күшейтіледі. Енді азаматтар мобильді банкке алғаш рет тіркелу немесе жүйеге кіру кезінде жеке басын бірнеше тәсіл арқылы растауы мүмкін.

Жаңа өзгерістер интернет алаяқтықтың көбеюі мен азаматтардың қаржылық деректерін қорғау қажеттілігіне байланысты енгізіліп отыр.

Жаңа талаптарға сәйкес, пайдаланушылар биометриялық сәйкестендіруден өтіп, Face ID, саусақ ізі, SMS-код, PIN-код немесе цифрлық қолтаңба арқылы жеке басын растауы қажет болады. Кей жағдайда телефон нөмірі мемлекеттік деректер базасы арқылы тексеріледі.

Мамандардың айтуынша, енді банк қосымшаларына кіру кезінде бірнеше қорғаныс деңгейі қатар қолданылуы мүмкін. Мысалы, Face ID мен пароль немесе SMS-код пен саусақ ізі бірге сұралады. Осылайша, бұрынғыдай тек пароль арқылы кіру жеткіліксіз болуы ықтимал.

Сарапшылар бұл өзгерістер қарапайым қолданушыларға айтарлықтай қиындық тудырмайтынын айтады. Себебі көпсатылы тексеру көбіне алғашқы тіркелу кезінде қажет болады. Ал кейін жүйе пайдаланушыны автоматты түрде таниды.

Соңғы жылдары елде интернет алаяқтық фактілері күрт көбейген. Әсіресе өзін банк қызметкері ретінде таныстырып хабарласу, жалған сайттар мен қосымшалар арқылы деректерді алу, бөтен адамның атына онлайн несие рәсімдеу жағдайлары жиілеген.

Экономист әрі қаржы кеңесшісі Арман Байғанов қауіпсіздік жүйесін күшейту мәселесі бұрыннан көтеріліп келе жатқанын айтады.

— Интернет алаяқтық бақылаудан шығып кеткен кезең болды. Қорғаныс жүйелерін ертерек енгізгенде, көптеген жағдайдың алдын алуға болар еді, — дейді сарапшы.

Жаңа талаптар банктерге де қосымша міндет жүктейді. Енді қаржы ұйымдары қосымшаға кіру әрекеттерін тіркеп, күмәнді белсенділікті бақылап, кибершабуылдар туралы реттеуші органдарға жедел хабар беруге міндеттеледі.

Мамандар қауіпсіздік жүйесі күшейгенімен, негізгі жауапкершілік қолданушының өзінде қалатынын ескертеді. Сондықтан SMS-кодты ешкімге айтпау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, бейтаныс қосымшаларды жүктемеу және қоғамдық Wi-Fi желісі арқылы банк қосымшасына кірмеу маңызды.

Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер Қазақстанның банк жүйесін халықаралық қауіпсіздік стандарттарына жақындатып, цифрлық қаржы саласындағы қорғаныс деңгейін арттыруы мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button