Облыс әкімі мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия иегерімен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли ақын, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, Абай ауданының Құрметті азаматы Төлеген Жанғалиевпен кездесті.
Кездесу барысында аймақ басшысы ақынды Президенттің 2025 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын алуымен құттықтап, бұл марапат оның ұзақ жылдарғы шығармашылық еңбегіне берілген әділ баға екенін атап өтті.
«Қарауылда тұрып-ақ елге танылған туындылар жазып, талай шәкірт тәрбиеледіңіз. Президент стипендиясы — еткен еңбегіңіздің өтеуі. Шын жүректен құттықтаймын», — деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Төлеген Жанғалиев қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, Мемлекет басшысының Абай мұрасына деген ерекше құрметіне тоқталды. Ол Түркістан газетіне берген сұхбатында Абайдың «Қара сөздерінің» бүгінгі қоғам үшін өзектілігін атап өтіп, өткен жылы Абайдың 180 жылдығы жоғары деңгейде аталып өткенін жеткізді. Ақынның айтуынша, мемлекеттік стипендия — оның жеке шығармашылығына ғана емес, Абай еліне көрсетілген құрмет.
Айта кетейік, Төлеген Жанғалиев — 10-нан астам жыр жинақтарының авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мерғали Ибраев атындағы «Ақсұңқар» ақындар сыныбының жетекшісі.



