Құдыққа құлаған бала алты сағаттан кейін табылды

Чекоман ауылында 8 жастағы бала ашық құдыққа құлап, шамамен алты сағат бойы ішінде болған. Бейнебақылау камераларының көмегімен оның нақты орналасқан жері жедел анықталды.
Райан түстен кейін үйден ойнауға шыққан. Қармен ойнап жүрген сәтте абайсызда құдыққа түсіп кеткен. Кешкі сағат алтыда ата-анасы баласын іздей бастайды. Ал екі сағаттан соң полицияға хабар беріледі.
Учаскелік инспектор әкімдік ғимаратындағы камера жазбаларын қарап, баланың құдыққа құлағанын анықтайды. Содан кейін дереу оқиға орнына барып, баланы құдықтан шығарып алған.
Бала аман. Дәрігердің көмегі қажет болмады. Райанның айтуынша, ол өзін байқату үшін қолғаптарын жоғары лақтырып отырған.
Ауылда бұған дейін су құбырын тарту жұмыстары жүргізілген. Ашық қалған құдыққа қатысты жауапты мердігер ұйым тексерілуде.
Полиция ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.



