KAZ Minerals Aktogay кен өңдеуде ұлттық рекорд орнатты

2025 жылы Аягөз ауданында орналасқан KAZ Minerals Aktogay компаниясының екі кен байыту фабрикасы 60 миллион тоннадан астам сульфидті кен өңдеп, Қазақстандағы кен өңдеу саласы үшін рекордтық көрсеткіш орнатты.
Ақтоғай өндіріс алаңында әлемдегі ең ірі конусты үгіткіштер, көлемі бойынша әлемде екінші орын алатын редукторсыз жетегі бар жартылай өздігінен ұсақтау диірмені, сондай-ақ редукторсыз жетегі бар әлемдегі ең ірі шарлы диірмендер қолданылады. Мұндай жоғары технологиялық жабдықтар елімізде тек KAZ Minerals кәсіпорындарында ғана пайдаланылады.
Әр фабриканың жобалық қуаты жылына 25 миллион тонна кен өңдеуге есептелген. Алайда нақты өндіріс көлемі жоспардан асып түсті: №1 фабрика – 30,7 миллион тонна, №2 фабрика – 30,8 миллион тонна кен өңдеді. Өндіріс көлемінің артуы дайын өнім сапасына әсер еткен жоқ — барлық технологиялық және жоспарлы көрсеткіштер толық орындалды.

Бұл өңдеу көлемі әлемдік деңгейде де бірегей нәтиже болып отыр. Қазіргі таңда дүниежүзінде осы типтегі шамамен 25 диірмен ғана жұмыс істейді және олардың санаулысы ғана жылына 25 миллион тоннадан астам кен өңдеуге қауқарлы.
Рекордқа жабдықтардың жоғары сенімділігі, өндірістік тоқтауларды қысқарту, технологиялық процестерді оңтайландыру, үгіткіштер мен диірмендерге арналған тиімді қаптамаларды таңдау және өзге де инженерлік шешімдер арқылы қол жеткізілді. Компания өндіріс көлемін сақтау және тиімділікті арттыру үшін жаңғырту мен технологиялық дамуды жалғастырып отыр.
KAZ Minerals тобының басқарма төрағасы Андрей Третьяков Ақтоғайдағы рекорд таңдалған стратегияның тиімділігін және өндірістік команданың жоғары кәсіби деңгейін дәлелдейтінін атап өтті. Оның айтуынша, компания жабдықтардың сенімділігін жүйелі түрде арттырып, өндірістік процестерді жетілдіріп келеді. Бұл кәсіпорындарға жобалық қуаттан жоғары деңгейде тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да компания қауіпсіздік пен тұрақты даму қағидаттарына сүйене отырып, өндірісті дамытуды жалғастырады.

KAZ Minerals Limited – Қазақстанда заманауи, ірі ауқымды және азшығынды карьерлік типтегі тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған, өсу әлеуеті жоғары мыс өндіруші компания. Топ өндірістік қызметін Абай облысындағы Ақтоғай мыс кенішінде, Орлов кеніші мен фабрикасында, Павлодар облысындағы Бозшакөл кенішінде, Шығыс Қазақстан облысындағы екі кеніш пен байыту фабрикаларында және Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кенішінде жүргізеді.
2024 жылы мыстың жалпы өндіріс көлемі 380 мың тонна болды. Ілеспе өнім ретінде 42,8 мың тонна мырыш концентраты, 145,8 мың унция алтын және 3,7 миллион унция күміс өндірілді. Қазіргі таңда KAZ Minerals-та Қазақстан мен Қырғызстанда шамамен 14 мың адам еңбек етеді.



