Басты жаңалық

Жаңа Парламенттің өкілеттіктері талқыланды

Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бесінші отырысы өтті. Жиында жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі өкілеттіктері қаралды.

Парламентаризм институтының директоры Наталья Пан азаматтардан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан келіп түскен ұсыныстар туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, өткен жылдың қазан айынан бері e-Otinish және eGov платформаларындағы арнайы бөлім арқылы 600-ге жуық ұсыныс түскен. Олардың қатарында саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар, кәсіби қауымдастықтар және сарапшылық топтардың ұсыныстары бар.

Сонымен қатар конституциялық реформаға қатысты бастамалардың да келіп түсіп жатқаны атап өтілді.

Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары Ержан Жиенбаев Парламенттің Үкіметті, Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын және өзге де мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысуын реттейтін конституциялық рәсімдердің жалпы тәсілдері жөнінде баяндады. Бұл тәсілдер жұмыс тобы мүшелері мен саяси партиялардың ұсыныстары негізінде әзірленген.

Отырыс барысында жұмыс тобының мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Жиын қорытындысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин барлық ұсыныстарды жинақтап, жан-жақты зерделеп, түпкілікті тұжырымдар әзірлеуді тапсырды.

Анықтама: Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы Мемлекет басшысының өкімімен 2025 жылғы 8 қазанда құрылды. Алғашқы отырыс 14 қазанда өтті. Кейінгі отырыстар 2 желтоқсан, 29 желтоқсан және 2026 жылғы 9 қаңтарда ұйымдастырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button