Әлеуметтік азық-түлік тізімі кеңейді

Абай облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті 2026 жылға арналған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізіміне енгізілген өзгерістерді таныстырды.
2025 жылдың соңында қабылданған бұйрыққа сәйкес, 2026 жылдан бастап ӘМАТ тізімі 19 атаудан 31 атауға дейін кеңейтілді. Сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы тиіс. Бұл шаралар инфляцияны тежеуге және делдалдық тізбекті қысқартуға бағытталған.
Тізімге ұн, нан, макарон, жармалар, көкөніс пен жеміс, қант, май, ет, балық, сүт өнімдері, жұмыртқа, шай және ас тұзы енгізілді. Баға тұрақтылығын сақтау мақсатында өңірде дүкендер мен базарларда тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Жыл ішінде баға қалыптастыру тізбегін зерттеу жөніндегі комиссияның 103 отырысы өтті. Нәтижесінде 164 сауда субъектісіне мемлекеттік бақылау жүргізіліп, 149 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл көлемі 1,7 млн теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 есе көп.
Заңбұзушылықтардың басым бөлігі Семей қаласында тіркелген. Сонымен қатар Курчатов, Үржар, Аягөз, Мақаншы аудандарында да фактілер анықталды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында департаментке 2025 жылы 1160 өтініш түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық.
Заң талаптарын бұзған 33 кәсіпкерлік субъектіге әкімшілік іс қозғалып, 1,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Барлық қаражат толық өндіріліп, мемлекеттік бюджетке аударылды.



