Заң

Заң мен тәртіп – қауіпсіз орта кепілі

Абай облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ауқымды форум өтті.

Абай облысы Полиция департаменті мен облыстық білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған «Заң және тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» атты форумға мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде 300 адам офлайн, 700-ге жуық қатысушы онлайн форматта қосылды.

Форумның басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүйелеу, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тетіктерін жетілдіру.

Іс-шараға полиция, білім және денсаулық сақтау басқармалары, прокуратура, бала құқықтары жөніндегі уәкіл, мектеп пен колледж басшылары, педагог-психологтер, мәслихат депутаттары, күзет агенттіктері және ата-аналар қауымдастығы өкілдері қатысты. Бұл балалар қауіпсіздігі мәселесінің кешенді түрде қарастырылып жатқанын көрсетті.

Форум барысында жасөспірімдер қылмысының алдын алу, мектептегі бақылауды күшейту, интернет кеңістігіндегі қауіптердің алдын алу, буллинг пен кибербуллингке қарсы күрес және отбасылық тәрбие институтын нығайту мәселелері талқыланды.

Жиында Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров балалардың қауіпсіздігі бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Оның айтуынша, алдын алу мен түсіндіру жұмыстары, сондай-ақ мектеп, ата-ана және полиция арасындағы тығыз байланыс қауіпсіз орта қалыптастырудың басты шарты.

Форум қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, ақпарат алмасуды жандандыру және профилактикалық шараларды тұрақты өткізу жөнінде ортақ шешім қабылданды.

Мамандардың айтуынша, мұндай үйлесімді жұмыс балалар үшін қауіпсіз әрі құқықтық тұрғыдан қорғалған білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button