Семейде дайын құжатты тәуліктің кез келген уақытында алуға болады

Семей қаласының тұрғындары енді ХҚКО-дан дайын құжаттарды өзіне ыңғайлы уақытта ала алады. Қызмет демалыс және мереке күндері де қолжетімді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, бұл мүмкіндік құжат беруге арналған автоматтандырылған постаматтар арқылы жүзеге асырылады. Олар тәулік бойы, үзіліссіз жұмыс істейді.
Постамат дайын құжатты жеке ұяшық арқылы өз бетінше алуға мүмкіндік береді. Құжат дайын болған кезде азаматтың телефон нөміріне SMS-хабарлама жіберіледі. Онда ұяшықты ашуға арналған жеке код көрсетіледі. Сонымен қатар қызмет алушы биометриялық сәйкестендіруден өтеді.
Қазір еліміздің 10 өңірінде 14 постамат жұмыс істейді. Олар арқылы мемлекеттік қызметтердің 19 түрі бойынша құжаттарды алуға болады. Атап айтқанда, туу, неке қию, некені бұзу және қайтыс болу туралы қайталама куәліктер, архивтік анықтамалар, аттестаттар мен дипломдардың телнұсқалары беріледі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша постамат қызметін ең көп пайдаланған қалалардың қатарында Семей де бар. Сонымен қатар Тараз және Түркістан тұрғындары белсенділік танытқан.
Құжат алу тәртібі қарапайым. ХҚКО-да өтініш беру кезінде азамат дайын құжатты алу тәсілін таңдап, постамат арқылы алуға келісім береді. Құжаттың дайын болғаны туралы SMS келгеннен кейін оны үш күн ішінде алып кету қажет. Егер осы мерзімде алынбаса, құжат ХҚКО маманы арқылы әдеттегі тәртіппен беріледі.
2026 жылы постамат арқылы құжат беру қызметінің құны 518 теңге болады.
Мамандардың айтуынша, бұл қызмет мемлекеттік қызметтерді алу тәсілдерін кеңейтіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасайды. Әсіресе жұмыс уақытында ХҚКО-ға бара алмайтын азаматтар үшін тиімді.
Семей қаласында постамат 408-көше, 21-ықшамауданда орналасқан ХҚКО ғимаратында орнатылған.



