Жаңа Конституция – қоғам дамуының құқықтық негізі

Семей қаласындағы Абай атындағы кітапханада «Қаладан – ауылға» өңірлік форумы басталды. Маңызды жиынға облыс әкімі Берік Уәли, Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «Аманат» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы, Парламент депутаттары, министрлік өкілдері, өңірдегі қала-аудан әкімдері, ауылдық округ басшылары мен шаруашылық жетекшілері қатысты. Форумға 500-ден астам адам жиналды.
Аймақ басшысы форумның ашылуында сөйлеген сөзінде елдегі саяси жаңғыру үдерісіне тоқталды. Оның айтуынша, жаңа Конституция – қысқа мерзімде қабылданған шешім емес, кең қоғамдық талқылаудан өткен, сарапшылар сүзгісінен өткізілген және халықтың ұсыныстары ескерілген маңызды құжат. Комиссия құрамында қазақстандық мамандар жұмыс істеп, ұсыныстар ашық платформалар арқылы жиналған.
Берік Уәли бұл форумның маңызы ауыл шаруашылығы мәселесімен шектелмейтінін атап өтті. Жиын – ауылды дамыту арқылы елдің стратегиялық бағытын нақтылау алаңы екенін айтты. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік, заң үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттары өңірлік деңгейде қалай іске асатыны талқылануда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы ашық пікір алмасу алаңдары ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді.



