Наурыз: Арбатта ұлттық спорт пен IT алаңдары ашылады

Семейде Арбат бойында Наурыз мерекесіне орай бірнеше тақырыптық алаң ұйымдастырылады. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарына интерактивті, танымды әрі қызықты бағдарламалар ұсынылады.
Мерекелік аумақта «Келешек жастар алаңы» жұмыс істейді. Бұл жерде жастарға арналған мастер-класстар, викториналар, квесттер және шығармашылық байқаулар өткізіледі.
Сонымен қатар IT және жасанды интеллект мүмкіндіктері алаңы ашылады. Бұл алаңда ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктері таныстырылып, тәжірибе алмасуға арналған бағдарламалар ұсынылады.
Ал ұлттық спорт алаңында қой көтеру, аударыспақ, арқан тарту, қазақ күресі сияқты қазақтың дәстүрлі спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Сайыстар әртүрлі жас және салмақ санаттары бойынша ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, мерекелік аумақта қолөнер шеберлерінің көрмелері, демалыс аймақтары мен фото-аймақтар да ұйымдастырылады.



