Көктеммен бірге келетін дәстүр – Көрісу күні

Көктемнің алғашқы лебі сезіліп, табиғат жаңара бастаған шақта қазақ даласында ерекше дәстүр жанданады. 14 наурыз – Көрісу күні, яғни Амал мерекесі. Бұл күн – қыстан аман шығып, бір-бірімен қауышып, ақ тілектер айтуға арналған береке мен сыйластықтың символы.
Көрісу күні адамдар бір-бірімен қол алысып, «Жасың құтты болсын!» деп амандасады. Бұл – тек сәлемдесу ғана емес, өткен реніштерді кешіріп, ағайын-туыс, көрші-қолаң арасындағы татулық пен ауызбіршілікті нығайтатын маңызды дәстүр.
Бұл күні жасы кішілер үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем береді. Халық арасында кем дегенде үш үйдің есігін ашып, көрісу ырымы бар. Мұның бәрі адамдар арасындағы сыйластық пен жақындықты арттыруға бағытталған.
«Амал» сөзі жаңа жылдың басталуымен, табиғаттың жаңаруымен тығыз байланысты. Сондықтан Көрісу күні – Наурыз мейрамын қарсы алатын Наурызнаманың алғашқы күні саналады.
Алдағы күндері елімізде Наурызнама аясында ұлттық дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін түрлі іс-шаралар өтеді. 14–23 наурыз аралығын қамтитын бұл мерекелік кезеңде қайырымдылық, ұлттық ойындар, мәдени шаралар, дәстүр мен өнерді насихаттайтын түрлі күндер атап өтіледі. Әрбір күннің өзіндік мазмұны бар бұл онкүндік халықты бірлікке, ізгілікке және жаңару рухына үндейді.
Бүгінде Көрісу дәстүрі бұрынғыдай тек батыс өңірлерде ғана емес, еліміздің көптеген аймақтарында қайта жаңғырып, ұлттық құндылық ретінде кеңінен дәріптеліп келеді.
Көрісу күні – адамдарды бірлікке шақыратын, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілетін, татулық пен сыйластықты арттыратын ерекше күн.

