Дін мен дәстүр

Ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын күн

Қазақстанда 16 наурыз «Наурызнама» онкүндігі аясында Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні ретінде атап өтіледі. Бұл күн халқымыздың бай мәдени мұрасын, ұлттық өнерін және ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін дәріптеуге арналған.

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мерекелердің бірі. Қазақ халқының дүниетанымы, әдет-ғұрпы мен мәдениеті ұлттың рухани негізін қалыптастырып, қоғамдағы бірлік пен сабақтастықты нығайтады.

Осы күні еліміздің әр өңірінде мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, музыкалық және театрландырылған қойылымдар, фольклорлық фестивальдер, қолөнер шеберлерінің көрмелері мен ұлттық киімдер шеруі өтеді. Сонымен қатар түрлі шеберлік сағаттары өткізіліп, дәстүрлі өнер мен қолөнердің қыр-сыры таныстырылады.

Мереке аясында қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлері де кеңінен насихатталады. Бесікке салу, тұсаукесер, беташар, сүйінші сұрау сияқты дәстүрлердің мән-мағынасы түсіндіріліп, олардың тәрбиелік және рухани маңызы көрсетіледі.

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні – халықтың мәдениеті мен өнерін ұлықтайтын, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ерекше күн. Бұл мереке арқылы ата-бабадан қалған асыл мұра жаңғырып, ұлттың рухани құндылықтары жаңа буынға кеңінен таныстырылады.

Abay Life ақпараттық-танымдық порталы баршаңызды Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күнімен құттықтайды!

Басқа жаңалықтар

Back to top button