Бородулихада гемодиализ орталығы ашылды

Бородулиха ауылында «BB Nura» емханалар желісіне қарасты гемодиализ орталығы жұмысын бастады. Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жаңа нысан созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар науқастарға арнайы медициналық көмек көрсетуге арналған. Қазіргі таңда орталықта 4 маман еңбек етеді.

Жоба аудан әкімдігінің қолдауымен және облыстық мәслихат депутаты, «Жерновское» ЖШС директоры Азамат Әубәкіровтің демеушілігімен жүзеге асырылды. Ашылу рәсіміне аудан әкімінің міндетін атқарушы Талғат Мұратов қатысып, тұрғындарға қажетті емді өз өңірінде алу мүмкіндігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

Аудан бойынша бүгінде шамамен 20 науқас гемодиализ қабылдайды. Бұған дейін олар ем алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болған.
Жаңа орталық заманауи медициналық құралдармен жабдықталған және облыстық деңгейде қызмет көрсетеді. Бұл нысанның ашылуы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.



