Абай облысында Наурыз – жаңғыру мен бірліктің мерекесіне айналды

Абай облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кең ауқымда ұйымдастырылып, өңір тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлауда. Биылғы мереке Мемлекет басшысы бекіткен «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес онкүндік форматта өтіп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталды.
Семей қаласындағы негізгі іс-шаралар орталық алаңда театрландырылған қойылыммен басталды. Салтанатты жиында облыс әкімі Берік Уәли тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл күннің ел өміріндегі тарихи және рухани маңызын атап өтті.

«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз Наурыз – тазару мен жаңарудың бастауы. Бұл – ой мен сана, ниет тазалығының көрінісі. Наурыз – елді бірлікке ұйыстырып, татулықты нығайтатын ерекше мереке», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, өңір басшысы биылғы мереке «Семейдің мәдени маусымдары» жобасы аясындағы «Семей көктемі» бағдарламасының маңызды бөлігі ретінде ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
«Биыл өңіріміз үшін маңызды кезең. Алдағы уақытта ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады. Бұл бастамалар аймақтың дамуына тың серпін береді», – деді Берік Уәли.
Мерекелік алаңда 12 киіз үй тігіліп, олар қазақтың ұлы тұлғаларына арналды. Киіз үйлерде ұлттық салт-дәстүрлер кеңінен көрсетіліп, қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды.

Қаладағы Арбат аумағында тақырыптық алаңдар жұмыс істеп, жастарға арналған танымдық және шығармашылық бағдарламалар өткізілуде. Сонымен қатар IT және жасанды интеллект бағытындағы заманауи жобалар да таныстырылуда.
Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, тұрғындар белсенді қатысуда. Атап айтқанда, қазақ күресі, арқан тарту, аударыспақ және қой көтеру сынды дәстүрлі ойындар көпшіліктің қызығушылығын арттырды.

Мерекелік концерттік бағдарламалар да жоғары деңгейде өтуде. Танымал өнерпаздар сахна төрінде өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.
Сонымен қатар, Семей қаласының түрлі аумақтарында да мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, барлығы 18 киіз үй орнатылды. Бұл Наурыз мейрамының бүкіл өңір бойынша кең көлемде атап өтіліп жатқанын көрсетеді.

Абай облысында Наурыз мейрамы ұлттық дәстүр мен заманауи бастамаларды ұштастырып, бірлік пен жаңғырудың жарқын көрінісіне айналды.



