5 күн бойы далада қалған ер адам аман табылды

Абай облысында полицейлер мен құтқарушылар жоғалған 56 жастағы ер адамды бес күннен кейін тауып, аман алып қалды.
17 наурыз күні Абай ауданы аумағындағы қыстаулардың бірінде ер адам атпен мал іздеуге шығып, қайта оралмаған. Хабар түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын бастады.
Іздеу тәулік бойы жүргізілді. Құтқарушылар мен полицейлер жолсыз, батпақты, күрделі жер бедеріне қарамастан барлық ықтимал бағыттарды тексерді. Ауа райының қолайсыздығы мен техниканың бірнеше рет тұрып қалуы да жұмысты тоқтата алмады.
Іздеудің бесінші күні таңертең жоғалған азамат табылды. Белгілі болғандай, ол жануарды тұрғызбақ болған кезде аттың астында қалып, аяғын сындырып алған. Жарақатына байланысты қозғала алмай, бірнеше күн бойы далада жатқан.
Оған сол жерде алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Құтқарылған азаматтың айтуынша, ол бес күн бойы үмітін үзбей, өзін іздеп жатқанын сезген.
Бұл оқиға – құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен табандылығының, сондай-ақ адам өмірінің құндылығын айқын көрсетеді.



