ҚМА алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті

Қаржы мониторингі агенттігі азаматтарды интернеттегі жаңа алаяқтық схемаларынан сақ болуға шақырды.
Агенттік мәліметінше, алаяқтар ресми өкілдің бейнесін пайдаланып жасалған дипфейк видеолар таратуда. Онда «инвестордың» жалған оқиғасы көрсетіліп, жоғары табыс уәде етіледі. Алайда қаражатты шешіп алу үшін түрлі комиссия, салық және «тексеру» төлемдері талап етіледі. Бірнеше рет ақша аударылғанымен, қаражатқа қол жеткізу мүмкін болмайды.
Сонымен қатар алаяқтар бұғатталған қаражатты «қайтаруға көмектесеміз» деген сылтаумен жалған чаттарға бағыттайды. «Толығырақ» батырмасы арқылы қолданушылар «халық заңгері» атты чатқа өтеді, онда жалған хат алмасу ұсынылады.
Бұдан бөлек, агенттік атынан жасалған жалған сайттар да анықталған. Онда «жоғалған қаражатты қайтару» туралы ақпарат жарияланып, пайдаланушылардан сауалнама толтыру сұралады. Кейін аты-жөні, телефон нөмірі және электрондық пошта секілді жеке мәліметтер енгізу талап етіледі.
ҚМА мұндай сайттар мен формалардың барлығы алаяқтық екенін ескертеді. Олар азаматтардың жеке деректерін жинап, қаржысын иемденуге бағытталған.
Мамандар күмәнді сілтемелерге өтпеуге және жеке мәліметтерді бөгде ресурстарға енгізбеуге шақырады.



