Аймақ тынысы

Мақаншыда ірі жобалар көбейді

Мақаншы ауданында инвестициялық белсенділік айтарлықтай өсті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 30 млрд теңгені құрап, өсім 265,3%-ға жетті. Оның ішінде 6 млрд 408,9 млн теңге жеке қаражат есебінен салынып, бұл бағыттағы өсім 138,7%-ды көрсетті.

Ауданға инвестор тарту бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Мақаншы ауылында «Di-Nur company» ЖШС «Жайтөбе май» май өңдеу зауытының құрылысын бастады. Жобаның құны 7 млрд теңге, нәтижесінде 120 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар компания қоспа жем шығаратын зауытты іске қосып, асфальт зауытын салу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Инфрақұрылым бағытында да оң өзгерістер бар. Жаз мезгілінде жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін Мақаншы – Жалаңашкөл тас жолы бойында «Qazaq Oil» АҚ жанармай құю станциясы іске қосылды. Жобаның құны 250 млн теңгені құрайды.

Туризм саласы да назардан тыс қалмаған. Аудан орталығында жергілікті инвесторлардың қолдауымен 50 орындық «БАҚ-АНА» қонақ үйі ашылып, жұмысын бастады. Жобаның жалпы құны 200 млн теңге.

Алдағы уақытта да жаңа жобалар іске асырылмақ. Мақаншы ауылында «Royal Petrol» жанармай құю станциясын салу үшін жер телімі берілсе, Қаратал ауылдық округі маңында «Лукойл» компаниясының ЖҚС құрылысы жоспарлануда. Бұл жобалардың құны тиісінше 300 және 350 млн теңге.

Алакөл жағалауында ірі туристік жобалар қолға алынуда. «Alakol medical tourism» ЖШС және Әзірбайжандық «АИК» компаниясы бірлесіп 5 жұлдызды емдеу-сауықтыру кешенін салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Астана САНБАО» және «Тарбагатай Травел» серіктестіктері заманауи демалыс орындарын салуды көздеуде.

Аудан үшін маңызды жобалардың бірі – «Бақты–Аягөз» темір жолының құрылысы. Бұл бастама жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірге қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталып кеткен.

Жалпы, Мақаншы ауданында инвестициялық жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, экономиканың түрлі салаларын дамытуға серпін беруде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button