Ұлттық қор: бақылау күшейе ме?

Смайылов төрағалық еткен комиссия отырысында Ұлттық қор қаражатының жұмсалуына жүргізілген ауқымды ревизия қорытындылары жарияланды. Тексеру барысында 3,4 трлн теңгеге қаржыландырылған 3 мың жоба және квазимемлекеттік секторға берілген 3,8 трлн теңге қарыз қамтылды.
Жалпы алғанда, жобаларды іске асыру белгілі бір оң нәтижелер берген. Дегенмен, жүйелі кемшіліктер мен заңбұзушылықтар анықталды.
Ең басты мәселе – Ұлттық қорды басқаруда бірыңғай жауапты органның жоқтығы. Қазіргі таңда негізгі функциялар Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Ұлттық банк арасында бөлінген. Соның салдарынан есептілік жеткілікті деңгейде ашық емес.
Сонымен қатар қор қаражатының мақсатты пайдаланылуы да күмән тудырады. Стратегиялық және ұлттық маңызы бар міндеттерге арналған қаржы кей жағдайларда ауылды абаттандыру немесе шағын жобаларға бағытталған. Кейбір қаражат бұрын аяқталған жобаларға жұмсалған немесе қажеттіліктен артық бөлінген.
Медициналық инфрақұрылымды дамытуға арналған қаржының ауыл орнына қалаға бағытталуы, сондай-ақ бұрын сатып алынған жабдықтарға қайта қаражат бөлінуі де тіркелген.
Анықталған фактілер бойынша бірқатар қылмыстық іс қозғалды.



