«Жансая» базары сынға ілікті

Семей қаласындағы «Жансая» базары тағы да сынға ілікті. Бұл жолы нысанның жай-күйіне Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы арнайы барып, көз жеткізді.
Аймақ басшысы алдымен базар ғимаратының қасбетін, сыртқы келбетін және аумағын қарап шықты. Бірден көзге түскені – ретсіз орналастырылған жазулар, талапқа сай келмейтін қасбет және қараусыз қалған аумақ. Әсіресе, базардың жалпы эстетикалық келбеті мен инфрақұрылымы сын көтермейтіні байқалады.

«Жансая» – қаладағы ең ірі сауда орындарының бірі. Мұнда жүздеген кәсіпкер жұмыс істеп, күн сайын мыңдаған тұрғын келеді. Алайда соған қарамастан, базардың ішкі аумағы толық абаттандырылмаған. Жол жабыны жоқ, кей жерлері тегіс емес, бұл келушілер үшін қолайсыздық туғызады.

Әкім базар аумағына асфальт төсеу, санитарлық жағдайды жақсарту, қасбетті ретке келтіру және барлық жазуларды біріздендіру қажеттігін нақты атап өтті. Бұл бағытта жауапты мамандарға қысқа мерзім ішінде мәселені шешу тапсырылды.

Айта кетерлігі, базарға қатысты сын тек тексеріс барысында ғана емес, тұрғындар тарапынан да жиі айтылады. Әлеуметтік желілерде жарияланған пікірлерде келушілер сауда орындарының тарлығы, тазалықтың жеткіліксіздігі және қызмет көрсету деңгейіне қатысты наразылықтарын білдірген.

Қаладағы ірі сауда нысандарының бірі ретінде «Жансая» базарының жағдайы ерекше бақылауда болмақ. Берілген тапсырмалардың орындалуы жауапты органдардың қадағалауына алынды. Алдағы уақытта нысандағы өзгерістер мен атқарылған жұмыстар нәтижесі бойынша қосымша бағаланатын болады.



