Семей емханасы сұранысқа сай ма?

Семей қаласындағы №7 емхананың қызметі таныстырылып, мекеменің қазіргі әлеуеті мен өзекті мәселелері айтылды.
Бүгінде емхана Абай облысындағы ірі амбулаторлық ұйымдардың бірі. 40-тан астам медициналық ұйыммен бірлесіп жұмыс істейді. Мұнда пациентке бағытталған қызмет көрсету жүйесі қалыптасқан, профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізіледі.

Емхана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, МРТ, КТ, маммография, ультрадыбыстық және эндоскопиялық зерттеулер, сондай-ақ ПЦР мен ИФА секілді зертханалық талдаулар қолжетімді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына арналған жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейді.
Таныстыру барысында емхана директоры Райхан Ахметкалиева инфрақұрылым мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, Уранхаев көшесіндегі филиалда медициналық-әлеуметтік және психологиялық қызметтерді, сондай-ақ мейіргерлік кабинеттерді толық орналастыру үшін кемінде 300 шаршы метр қосымша алаң қажет. Қазіргі таңда бірқатар кабинеттер бірнеше функцияны қатар атқарып отыр.

Осыған байланысты ауданы 246,7 шаршы метр болатын балалар кітапханасының ғимаратын емхана қарамағына беру ұсынылды. Директор бұл шешім медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жалпы, мекеме техникалық тұрғыда толық жабдықталғанымен, орын тапшылығы қызмет сапасын одан әрі арттыруға кедергі келтіріп отыр.



