Дін мен дәстүр

Мықты өмірлік құндылықтар – радикал идеологияға қарсы иммунитет

Қоғамның тұрақтылығы тек заңдар мен қауіпсіздік шараларына ғана сүйенбейді. Оның ең берік тірегі адамның ішкі дүниесі, өмірлік ұстанымы мен құндылықтары. Дәл осы құндылықтар радикал идеологияларға қарсы табиғи қорған, яғни иммунитет қызметін атқарады. Егер адамда дұрыс бағыт-бағдар, сыни ойлау және жауапкершілік сезімі қалыптасса, ол қандай да бір теріс ағымның ықпалына оңай түспейді.

Өмірлік құндылықтар бұл адамның дұрыс пен бұрысты ажыратуына, шешім қабылдауына және қоғамда өзін ұстауына бағыт беретін ішкі өлшем. Отбасыға құрмет, білімге ұмтылу, еңбекқорлық, төзімділік, өзге пікірге сыйластықтың бәрі тек моральдық ұғым емес, қоғам қауіпсіздігінің нақты негізі. Радикал идеологиялар көбіне дәл осы құндылықтар әлсіреген тұста белсенді тарайды. Себебі олар күрделі мәселелерге қарапайым әрі біржақты жауап ұсынады. «Ақиқат тек бізде», «басқалардың бәрі қате». Ал мұндай тұжырымдарға сыни ойлай алатын, өмірлік ұстанымы қалыптасқан адам күмәнмен қарайды.

Көп жағдайда радикалдану бір сәтте пайда болмайды. Ол әлеуметтік оқшаулану, өмірлік мақсаттың болмауы, әділетсіздік сезімі және ақпаратты дұрыс саралай алмау сияқты факторлардың жиынтығынан туындайды. Осындай жағдайда адам өз орнын, мағынасын іздей бастайды. Ал радикалды топтар дәл осы әлсіз тұсты пайдаланып, өз идеологиясын «шындық» ретінде ұсынады. Егер адамның ішкі тірегі әлсіз болса, ол мұндай ықпалға қарсы тұра алмайды.

Мұны қарапайым мысал арқылы түсіндіруге болады. Бір ортада өскен екі жастың өмір жолы екі түрлі қалыптасуы мүмкін. Бірі отбасында ашық пікір алмасу, білімге мән беру, әртүрлі көзқарасты тыңдау мәдениеті қалыптасқан ортада тәрбиеленеді. Ол жаңа ақпаратты бірден қабылдамай, салыстырып, тексеріп үйренеді. Ал екіншісі өз ойын айтуға мүмкіндігі шектеулі, қолдауы әлсіз ортада өсіп, ақпаратты негізінен әлеуметтік желіден алады. Уақыт өте келе ол радикалды мазмұндағы материалдарды шындық ретінде қабылдай бастайды. Себебі оның ішінде оған қарсы тұратын сүзгі қалыптасқан құндылықтар жүйесі жоқ. Бұл жерде айырмашылық білім деңгейінде ғана емес, ішкі дүниенің беріктігінде.

Халықаралық зерттеулер де осыны дәлелдейді. Радикалды топтарға тартылған жастардың көпшілігі әлеуметтік оқшаулануды бастан кешірген, өмірлік мақсаты айқын болмаған және ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау дағдылары жеткіліксіз болған. Ал керісінше, отбасы қолдауы мықты, білімге мән берілген және ойлау мәдениеті қалыптасқан адамдар арасында радикалдану деңгейі әлдеқайда төмен. Бұл деректер мәселенің түп-төркіні адамның ішкі әлемінде жатқанын көрсетеді.

Сондықтан радикализмге қарсы күрес тек сыртқы шаралармен шектелмеуі тиіс. Заң, бақылау, түсіндіру жұмыстары маңызды болғанымен, ең бастысы – адамның өз ішіндегі қорғанды қалыптастыру.

Қауіпсіз қоғам – ең алдымен саналы, жауапты және ішкі тірегі мықты азаматтардан құралады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button