Қоқыстан жол жасаған Аягөздік

Қоқысқа айналған пластик жолға айналса ше? Аягөздік мектеп оқушысы дәл осы идеяны нақты жобаға айналдырып, экология мен жол сапасын қатар шешудің тың жолын ұсынды.
Абай облысы Аягөз ауданы №10 қазақ мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аружан Қабдұлмаратова бірнеше жылдан бері эко-асфальт жобасын зерттеп келеді. Ол бұл бағыттағы жұмысын 7-сыныпта бастап, бүгінге дейін жетілдіріп отыр.
Жас зерттеуші тұрмыстық пластик қалдықтарын арнайы өңдеп, асфальт құрамына енгізу тәсілін ұсынған. Нәтижесінде жол жабынының беріктігі артып, қызмет ету мерзімі айтарлықтай ұзарады.

— Қазіргі әлемді пластиксіз елестету мүмкін емес. Бірақ ол табиғатқа үлкен зиян келтіріп отыр. Сол себепті бұл қалдықтарды пайдалы бағытта қолдану керек деген ойдан осы жоба туды, — дейді Аружан Қабдұлмаратова.
Оның айтуынша, эко-асфальт экологиялық тұрғыдан тиімді. Зерттеулер мұндай технологияны қолдану ауадағы көмірқышқыл газының мөлшерін 5–10%-ға дейін азайтатынын көрсетеді. Сонымен қатар, мұнай өнімдерін үнемдеуге мүмкіндік береді.
— Эко-асфальт тек экологияны жақсартып қана қоймай, экономикалық жағынан да тиімді. Ол дәстүрлі жолдарға қарағанда берік әрі ұзақ қызмет етеді, — дейді жас автор.
Шетелдік тәжірибе де бұл бағыттың болашағы бар екенін дәлелдеп отыр. MacRebur компаниясының мәліметінше, мұндай жол жабыны 60%-ға берік әрі 10 есе ұзақ қызмет етуі мүмкін.

Мамандардың бағалауынша, эко-асфальттан жасалған жолдар орта есеппен 12–18 жыл жөндеусіз пайдалануға жарайды. Ал сапасы жоғары нұсқалары 20–25 жылға дейін шыдас береді.
Қазақстан үшін бұл жоба ерекше өзекті. Елде пластик қалдықтарының көлемі артып келеді, ал олар табиғатта жүздеген жылдар бойы ыдырамай жатады. Эко-асфальт осы мәселені тиімді шешудің бір жолы бола алады.
Әзірге жоба бастапқы деңгейде. Инвесторлар тартылмаған.
— Қазір бұл тек ұсыныс деңгейіндегі жоба. Болашақта оны дамытып, ғалымдар мен сала мамандарына ұсынғым келеді, — дейді Аружан.
Ол жобаны өндірістік деңгейге шығару үшін зауыттарды жаңғыртып, Қазақстан климатына бейімделген арнайы технология әзірлеу қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, жол жабынын енгізу алдында шамамен 15 айлық сынақ кезеңі қажет.
Аягөздік оқушының бұл бастамасы — жай ғана мектеп жобасы емес. Бұл — экология мен инфрақұрылым мәселесін қатар шешуге бағытталған нақты ұсыныс. Егер қолдау тапса, ертеңгі жолдарымыз пластиктен төселуі әбден мүмкін.



