Өнер кеніші Көкпектіде

Абай облысында дәстүрлі «Абай елі – өнер кеніші» облыстық көркемөнерпаздар байқауының іріктеу кезеңдері жалғасып жатыр. Бұл жолы Көкпекті ауданында өткен өнер додасы жергілікті таланттардың деңгейін айқындап, сахнаға тың серпін әкелді.
Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған кеште аудан өнерпаздары жан-жақты бағдарламаларын ұсынып, көрерменге әсерлі қойылымдар тарту етті. Ән мен би, сахналық көріністер мен ұлттық нақыштағы композициялар бір арнада тоғысып, кештің мазмұнын аша түсті. Бұл кезең өңірдегі мәдени өмірдің қарқынын, көркемөнерпаздар өнерінің өрісін және шығармашылық ізденістердің бағытын анық көрсетті.

Қатысушылардың өнерін мәдениет пен өнер саласының тәжірибелі мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалауда. Қазылар төрағасы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Медет Салықов. Құрамында танымал мамандар – Нартай Сауданбекұлы, Рүстем Елжанов, Құрманбай Жарқынбайұлы, Айгерім Асқарбекқызы және Айнұр Асқар бар. Сарапшылық міндетті Жасұлан Кәсілов атқарып, хатшылық қызметті Ерасыл Таев жүргізуде.
Байқаудың басты талабы – барлық нөмірдің жанды дауыста орындалуы. Әр аудан өз мүмкіндігі мен шығармашылық ерекшелігіне сай сахналық қойылымдарын ұсынып, көркемдік шешімдерімен ерекшеленуге тырысты. Бағалау барысында орындаушылық шеберлік, сахна мәдениеті және мазмұн тереңдігі басты назарға алынды.

Айта кетейік, «Абай елі – өнер кеніші» байқауы облыстың өзге де аудан-қалаларында жалғасады. Іріктеуден үздік шыққан өнерпаздар облыс орталығында өтетін гала-концертте өнер көрсетеді.



