Семейде ақылды үйлер салынуы мүмкін

Абай облысының әкімі қытайлық инвесторлармен кездесті. Жиында Семей қаласында жаңа тұрғын үйлер мен ықшам аудандар салу мәселесі талқыланды.

Кездесуге Қытайдың «Huocheng County Weiye Real Estate Development Co Ltd» компаниясының өкілдері қатысты. Компания тұрғын үй құрылысы саласында 2000 жылдан бері жұмыс істейді.

Аймақ басшысы Семейде баспанаға сұраныс жоғары екенін айтты. Қазір облыс бойынша 32 мыңнан астам отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 22 мыңнан астамы Семей қаласының тұрғындары.

Инвесторлар Семейде заманауи технологиялармен сапалы тұрғын үйлер салуға дайын екенін жеткізді.
– Семей қарқынды дамып келе жатқан қала екен. Қажетті құжаттар дайын болса, жұмысты бастауға әзірміз, – деді компания басшысы Инь Цзяньхуа.
Кездесу соңында облыс әкімі жауапты мекемелерге инвесторларға қолдау көрсетуді тапсырды.



