Тұлпар мінген полицейлер

Абай облысында ерекше қызмет атқаратын бөлімшелердің бірі — атты полиция взводы. Бұл тек қоғамдық тәртіпті қадағалайтын құрылым емес, қазақтың атқа міну мәдениеті мен заманауи полиция қызметін ұштастырған бірегей бөлімше.
Бүгінде Абай облысы Полиция департаментінің атты полиция взводы еліміздегі үздік бөлімшелердің бірі саналады. Қызметкерлер жоғары дайындықпен, тәртіппен және қызметтік жылқыларға деген ерекше жауапкершілікпен ерекшеленеді.
Атты полицейлер көбіне автокөлікпен жету қиын аумақтарда қызмет атқарады. Олар Бейбітшілік аралында, жағалау мен саябақ аймақтарында, саяжай алаптарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Кең аумақты бақылау және жедел әрекет ету мүмкіндігі құқықбұзушылықтың алдын алуға көмектеседі.
Полицейлер үшін әрбір тұлпар — жай көлік емес, сенімді серік. Жылқылар күн сайын арнайы күтімнен өтіп, жаттықтырылады. Бұл қызметте адам мен жануар арасындағы сенім ерекше рөл атқарады.
Мерекелік және бұқаралық іс-шараларда атты полиция тұрғындардың ерекше қызығушылығын тудырады. Әсіресе балалар үшін полицейлер мен тұлпарларды көру есте қалатын сәттердің біріне айналады.
Бүгінде атты полиция взводы қоғамдық қауіпсіздіктің ғана емес, ұлттық рух пен дәстүр сабақтастығының символы ретінде бағаланып отыр.


