Басты жаңалық

Абай облысында 1800 жұмыс орны ашылады

Абай облысы әкімдігі мен түркиялық «Miryildiz KZ Ltd» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Астана қаласында өткен «Қазақстан – Түркия» бизнес-форумы аясында қол жеткізілді.

Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли мен «Miryildiz KZ Ltd» компаниясының акционері Аслы Йылдыз қатысты.

Меморандум аясында Абай облысындағы «Жанан» кен орнынан өндірілетін кенді өңдеп, алтын өндіретін фабрика салу жоспарланып отыр. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 482 миллион АҚШ доллары. Жоба толық іске асқанда шамамен 1800 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Құрылысты аяқтау мерзімі 2028 жылға дейін белгіленген.

Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, жобаны бірлесіп жүзеге асыруға және қолайлы жағдай жасауға уағдаласты. Облыс әкімдігі инвесторға мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында қажетті қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Абай облысында инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған инвестиция көлемі 616,2 млрд теңгеге жеткен.

Сондай-ақ облыстағы инвестициялық жобалар саны 29-дан 110-ға дейін артқан. Жалпы инвестиция көлемі 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Былтыр жалпы құны 24,1 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылып, 391 адам жұмыспен қамтылды.

Ал биыл өңірде 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 131,2 млрд теңге инвестиция тартылып, 3263 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button