Үржар стадионы жаңартылады

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің Үржар ауданына жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы орталық стадионның қазіргі жай-күйі мен оны қайта жаңғырту жобасы таныстырылды.
Нысан бойынша аудан әкімінің орынбасары Анет Біржанұлы Тұрлыбеков баяндама жасады. Жоба тапсырыс берушісі – «Үржар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі.

Қайта жаңғырту жұмыстары 2026-2027 жылдарға жоспарланған. Қазіргі уақытта жоба бойынша бюджеттік өтінім жолданып, қаржыландыру мәселесі қаралуда.
Жоспарға сәйкес стадионда жүгіру жолы бар футбол алаңы, теннис корты, волейбол және баскетбол алаңдары, стритворкаут аймағы, мини футбол алаңы, көрермен орындары мен санитарлық торап салу көзделген. Стадионның жалпы сыйымдылығы – 854 көрермен орны.
Сапар барысында облыс әкімі спорт инфрақұрылымын дамыту, жастарға қолайлы жағдай жасау және нысанды заман талабына сай жаңарту мәселелеріне назар аударды.



