Соңғы қоңырау – жаңа белес

№32 жалпы орта білім беретін мектеп КММ-де оқу жылының аяқталуына арналған «Соңғы қоңырау» салтанатты шарасы өтті. Бұл күн мектеп түлектері үшін тек оқу жылының аяқталуы ғана емес, үлкен өмірге бастар жаңа кезеңнің бастауы саналады.
Абай облысындағы білім беру ұйымдарында өткен мерекелік шаралар аясында мектеп оқушылары, ұстаздар және ата-аналар бір алаңға жиналып, ерекше күннің куәсі болды. Аймақ басшысы Берік Уәли мектеп бітіруші түлектерге құттықтауын жолдап, ізгі тілегін білдірді. Облыс әкімінің құттықтауын Абай облысының балалар құқықтарын қорғау басқарма басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Әділбайұлы Әбілдаев жеткізді.
Салтанатты жиынға қатысқан Қуаныш Әділбайұлы түлектерді, ұстаздарды және ата-аналарды маңызды күнмен құттықтап, мектеппен қоштасып жатқан жастар үшін бұл кезеңнің ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
– Бүгін сіздер үшін ерекше әрі толқынысқа толы күн. Мектеп қабырғасындағы жылдар – адам өміріндегі ең жарқын кезеңдердің бірі. Осы уақыт ішінде сіздер тек білім алып қана қоймай, достықтың, жауапкершіліктің, еңбектің және өзара құрметтің маңызын түсіндіңіздер. Алда үлкен өмір жолы күтіп тұр. Әрқайсыңыз өз таңдауларыңызды жасап, болашақ мамандықтарыңызды айқындайсыздар. Армандарыңыз асқақ, мақсаттарыңыз айқын болсын. Білім мен еңбекті серік етіп, ел дамуына үлес қосатын азамат болып қалыптасады деп сенемін, – деді Қуаныш Әділбайұлы.
Мерекелік іс-шара барысында мектеп оқушылары ән айтып, би билеп, шығармашылық бағдарламаларын ұсынды. Сонымен қатар түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеп қабырғасындағы жарқын естеліктерімен бөлісті. Әсіресе мектеп бітірушілердің ұстаздарға арнаған жүрекжарды сөздері көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
«Соңғы қоңырау» – жай ғана оқу жылының аяқталуын білдіретін мереке емес. Бұл – балалық шақпен қоштасып, жаңа мүмкіндіктер мен үлкен жауапкершілікке бастайтын маңызды кезең. Түлектер үшін бұл күн өмірдің жаңа белесіне жасалған алғашқы қадам ретінде есте қалмақ.



