Басты жаңалық

Тұрғындар күткен өзгеріс қай көшелерде жүріп жатыр?

Семейде жол және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары қарқын алды. Соңғы жылдары тұрғындар тарапынан жиі көтерілген мәселелердің бірі – көшелердің сапасы мен қауіпсіз қозғалысқа қолайлы жағдайдың жоқтығы болатын. Биыл облыс орталығында осы түйткілдерді шешуге бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.

Осыған орай Абай облысының әкімі Берік Уәли қаладағы жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен Мичурин көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан учаскеде болды. Ұзындығы 2,5 шақырымнан асатын көшеде жол негізін нығайту, асфальтбетон жабынының төменгі және жоғарғы қабаттарын төсеу, жол жиектерін бекіту және инженерлік коммуникация құдықтарын ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта асфальттың алғашқы қабаты төселген.

Берік Уәлидің айтуынша, бұл көшеге қатысты тұрғындардан көптеген өтініш түскен. Бұған дейін көшеде бордюрлер, жарық бағандары мен жаяу жүргіншілер жолы болмаған. Биыл аталған инфрақұрылым толық жаңартылып, көше заман талабына сай ретке келтіріледі.

Сапар барысында облыс әкімі Северный промузел көшесінен Қарағайлы шағын ауданына дейін салынып жатқан жаяу жүргіншілер жолының құрылысын да көрді. Ұзындығы 1,5 шақырым болатын нысан қалалық бюджет есебінен қаржыландырылған. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталып, тамыз айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Аймақ басшысы жол және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бұрын қаланың көптеген көшелерінде тротуар мүлде болмағандықтан, тұрғындар әсіресе көктемгі жауын-шашын кезінде үлкен қолайсыздыққа тап болатын.

Сондай-ақ Берік Уәли Шәкәрім даңғылында Дулатов көшесінен Гагарин көшесіне дейінгі аралықта жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Ұзындығы 680 метр болатын учаскеде жаңа жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Бұрын бұл аумақтағы ескі тротуарды үнемі су басатын болса, қазір жол деңгейі 20 сантиметрге көтеріліп, мәселені шешуге мүмкіндік жасалған.

Жалпы, биыл Семейде жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Егер өткен жылы қаладағы жиырмаға жуық көшеде жаңа тротуар салынса, биыл бұл көрсеткіш екі есеге артып, 40-қа жуық көшені қамтымақ. Бұл жұмыстар қала тұрғындары үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Басқа жаңалықтар

Back to top button