Басты жаңалық

Қылмысқа қарсы қадам

Семей қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Қала әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен өткен жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен жауапты сала мамандары қатысты.

Отырыста қоғам үшін өзекті болып отырған бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, тұрмыстық және отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы, сондай-ақ интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарға қарсы күрес шаралары талқыланды.

Жауапты мекемелердің басшылары атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы ұсыныстарын жеткізді. Дегенмен мұндай жиындарда айтылатын мәселелер жыл сайын қайталанып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері азаймай отыр, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық мәселесі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ал интернет-алаяқтық бүгінде тұрғындардың қаржылық қауіпсіздігіне төнген басты қатерлердің біріне айналды.

Сарапшылардың пікірінше, құқық бұзушылықтың алдын алу тек есеп пен баяндамамен шектелмеуі тиіс. Нақты нәтиже үшін мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары, білім беру ұйымдары мен қоғам өкілдерінің өзара іс-қимылы күшейтілуі қажет. Әсіресе тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандырып, қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған тиімді тетіктерді енгізудің маңызы зор.

Жиын қорытындысында қала әкімі көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, жауапты бөлімдер мен мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу және ведомствоаралық байланысты нығайту қажеттігін тапсырды.

Қоғамдық қауіпсіздік деңгейі қабылданған шешімдердің санына емес, олардың нақты орындалуына байланысты. Сондықтан тұрғындар құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кезекті комиссия отырысының нәтижесін қағаз жүзіндегі есептен емес, қаладағы қауіпсіздік көрсеткіштерінен көргісі келеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button