Басты жаңалық

Салынғаны емес, сапасы маңызды

Абай облысында әлеуметтік нысандар құрылысының жай-күйі тағы да күн тәртібіне шықты. Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында өңірдегі құрылыс жұмыстарының барысы, сапасы және бақылау мәселелері жан-жақты қаралды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, мамыр айында облыстағы бюджеттік құрылыс нысандарына мониторинг жүргізілген. Нәтижесінде жеті аудан мен Семей қаласындағы жүзден астам нысан тексеріліп, құрылыс жұмыстарының ұйымдастырылуы, техникалық қадағалау және құжаттамалардың жүргізілу деңгейі бағаланған.

Қазіргі таңда облыста ондаған әлеуметтік нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Балалар лагерьлері, мектептерге қосымша ғимараттар, ауруханалар, спорт кешендері мен мәдениет үйлері бой көтеруде. Бұл жобалардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалар саналады.

Алайда құрылыс саласында мәселе тек жаңа нысандардың санымен өлшенбейді. Ең бастысы – олардың сапасы мен уақытында пайдалануға берілуі. Соңғы жылдары еліміздің түрлі өңірлерінде құрылыс мерзімінің кешігуі, сапасыз материалдардың қолданылуы және техникалық талаптардың сақталмауы жиі сынға ұшырап келеді. Сондықтан жүргізіліп жатқан мониторингтің негізгі мақсаты да осындай тәуекелдердің алдын алу болып отыр.

Жиында облыс әкімі әлеуметтік нысандардың құрылысы өңір дамуының басты көрсеткіштерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір жоба құрылыс талаптарына толық сай орындалып, белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс.

Кеңес қорытындысында аудан және қала әкімдеріне, салалық басқармаларға және тапсырыс беруші мекемелерге бақылауды күшейту тапсырылды. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжаттамалардың сақталуы, құрылыс материалдарының сапасы және техникалық қадағалау жұмыстары ерекше назарда болатыны айтылды.

Әлеуметтік нысандар халықтың игілігі үшін салынады. Сондықтан тұрғындар үшін маңыздысы – жоспарланған жобалардың саны емес, олардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button