Семей орманында 14 өрт сөндірілді

16 маусым күні «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының аумағында бір тәуліктің ішінде 14 орман өрті тіркелді. Барлық өрт ошақтары жедел анықталып, дер кезінде оқшауланып, толықтай сөндірілді.
Орман күзеті қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының арқасында қызыл жалынның кең аумаққа таралуына жол берілген жоқ. Мамандар өрттерді қысқа мерзімде бақылауға алып, толықтай жойды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрт шарпыған жалпы аумақ небәрі 0,47 гектарды құрады. Бұл өрт ошақтарының бастапқы кезеңде анықталып, жедел әрекет ету шараларының тиімді болғанын көрсетеді.
Еске салсақ, 2023 жылы Абай облысында болған ірі орман өрті орман шаруашылығы саласындағы жұмысты жетілдіруге негіз болды. Осы оқиғадан кейін өрт сөндіру ісі жан-жақты сараланып, табиғи апаттарға қарсы әрекет ету тетіктері қайта қаралды.
Нәтижесінде орман өрттерін жедел сөндіруге арналған заманауи әрі маневрлі техниканың жаңа үлгісін әзірлеу туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта орман өрттерінің алдын алу, ерте анықтау және жедел әрекет ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.



