Басты жаңалық

Абай облысында «Көктал–Алакөл» электр желісінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапары барысында Алакөл жағалауында жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысымен танысты. Туристік аймақтың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы ең маңызды жобалардың бірі – «Көктал–Алакөл» жоғары кернеулі электр желісінің құрылысы. Бұл жоба Алакөл жағалауын тұрақты әрі сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге, туризм саласының дамуына жаңа серпін беруге және өңірдің энергетикалық әлеуетін айтарлықтай күшейтуге бағытталған.

Облыс әкімі алдымен салынып жатқан жаңа энергетикалық нысандарды аралап көрді. Жоба аясында қуаты 25 МВт болатын заманауи 110/35/10 кВ «Алакөл» қосалқы станциясы бой көтеруде. Сонымен қатар Көктал қосалқы станциясынан ұзындығы 72,3 шақырымды құрайтын жоғары кернеулі электр беру желісі тартылып жатыр. Аталған инфрақұрылым іске қосылғаннан кейін Алакөл жағалауындағы барлық туристік нысандар мен елді мекендерді сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жобаның құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі таңда электр желісіне арналған 355 тірек бағанасының 100-і орнатылып, жоғары кернеулі желілерді монтаждау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. Құрылыс алаңында арнайы техника мен мамандар толық құрамда еңбек етуде. Инженерлік инфрақұрылымның барлық элементтері заманауи техникалық талаптарға сай жүзеге асырылып жатыр.

Жобаның жалпы құны 7,9 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі уақытта қаржыландырудың негізгі бөлігі қамтамасыз етіліп, құрылыс жұмыстары толық көлемде жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, жоба белгіленген мерзімде аяқталса, өңірдегі электрмен жабдықтау жүйесінің сенімділігі бірнеше есе артады.

Учаске бастығы Руслан Бүкенбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта жағалауды қамтамасыз етіп отырған электр станцияларының жалпы қуаттылығы 25 МВт болса, жаңа желі пайдалануға берілгеннен кейін бұл көрсеткішті 40 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік туады.

«Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі станциялардың қуаттылығы – 25 МВт. «Көктал–Алакөл» электр желісінің құрылысы аяқталған соң қуаттылықты 40 МВт-қа дейін арттыруға болады. Бұл болашақта туристік аймақтың электр энергиясына деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Руслан Бүкенбаев.

Қазіргі таңда жағалауды электр қуатымен қамтамасыз етіп отырған «Қабанбай-1» және «Қабанбай-2» қосалқы станциялары ұзақ уақыттан бері шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуде. Мәселен, «Қабанбай-1» қосалқы станциясының жүктемесі жобалық қуаттың 150 пайызына дейін жеткен. Ал «Қабанбай-2» қосалқы станциясында бұл көрсеткіш 105 пайызды құрайды. Жаз мезгілінде туристер санының бірнеше есеге артуына байланысты электр энергиясына деген сұраныс күрт өсіп, қолданыстағы желілерге түсетін салмақ айтарлықтай көбейеді.

Бүгінде осы екі қосалқы станция арқылы жалпы саны 1361 абонент электр қуатын пайдаланып отыр. Оның ішінде Алакөл жағалауындағы 329 демалыс орны, қонақүйлер, пансионаттар, туристік кешендер, сауда және қызмет көрсету нысандары бар. Туристік маусым қызған кезде тәуліктік жүктеме бірнеше есеге ұлғайып, қосымша қуат көздерінің қажеттілігі ерекше сезіледі.

Энергетикалық жүйенің сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында биыл «Көктал» қосалқы станциясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар электр желілеріндегі апатты жағдайлардың алдын алу және энергиямен жабдықтаудың үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін тоғыз заманауи реклоузер орнатылды. Бұл құрылғылар желідегі ақауларды автоматты түрде анықтап, қысқа уақыт ішінде оқшаулап, электр энергиясын тұтынушыларға үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жағалаудағы барлық электр желілеріне тұрақты техникалық қызмет көрсету ұйымдастырылған. Арнайы мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарып, желілердің жұмысын үздіксіз бақылауда ұстайды. Электрмен жабдықтаушы мекеменің алты қызметкері тәулік бойы кезекшілік режимінде жұмыс істеп, кез келген ақауға жедел әрекет етуге дайын.

Мамандардың айтуынша, жаңа электр желісі іске қосылғаннан кейін Алакөл жағалауындағы электр энергиясының сапасы айтарлықтай жақсарып, кернеудің төмендеуі, қуаттың жетіспеушілігі сияқты мәселелер толық шешімін табады. Сонымен қатар жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға, қонақүйлер мен демалыс орындарының санын көбейтуге, жаңа туристік нысандар салуға қолайлы жағдай қалыптасады.

Облыс әкімі құрылыс барысымен танысу кезінде мердігер ұйымдарға жұмыстың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, бұл жоба тек энергетикалық мәселені шешіп қана қоймай, бүкіл туристік аймақтың одан әрі дамуына негіз болатын стратегиялық инфрақұрылым саналады.

«Алакөл жағасындағы ең өзекті мәселелердің бірі – электр қуатының тапшылығы еді. Бұл мәселе көптеген жылдар бойы тұрғындар мен кәсіпкерлерді алаңдатып келді. Биыл соңғы 35 жылда алғаш рет Үкіметтің қолдауымен Арнаулы мемлекеттік қордан осы жобаны жүзеге асыруға қажетті қаржы бөлінді. Бұл – Мемлекет басшысының туризмді дамытуға және өңірлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған тапсырмаларының нақты нәтижесі. Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде жаңа қосалқы станциялар мен жоғары кернеулі электр желілері туристік аймақты сапалы әрі тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етеді деп сенеміз. Ұзындығы 72 шақырымнан асатын электр желісін тарту – өте ауқымды әрі күрделі жоба. Сондықтан барлық жұмысты сапалы орындап, жыл соңына дейін толық аяқтауымыз қажет», – деді Берік Уәли.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Алакөл жағалауының энергетикалық инфрақұрылымы толық жаңарып, туристік нысандардың үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, жаңа инвестиция тартуға, кәсіпкерліктің дамуына, қызмет көрсету сапасының жақсаруына және демалушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button