Басты жаңалық

Байлар енді жаңа салық төлейді

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, жоғары құнды мүлікке салық салу тәртібі заң жүзінде бекітілді. Енді жеке тұлғалардың қымбат мүлкіне қатысты салық пен акциз мөлшерлемелері нақты айқындалады.

Жаңа талаптарға сай, құны 18 000 АЕК және одан жоғары көлік құралдарына көлік бағасының 10 пайызы мөлшерінде акциз салынады. Ал 24 000 АЕК-тен жоғары бағамен сатып алынған яхталар мен ұшақтарға да 10 пайыз акциз енгізіледі. Құны 500 мың теңгеден асатын алкоголь өнімдеріне әр литріне 10 пайыз, ал бағасы 10 мың теңгеден жоғары сигареттерге данасына 10 пайыз акциз белгіленген.

Сонымен қатар, жеке тұлғаның иелігіндегі барлық жылжымайтын мүліктің жиынтық құны 450 миллион теңгеден асқан жағдайда мүлік салығы 2 пайыз мөлшерінде есептеледі. Егер бұл шектен аспаса, салық әр нысан бойынша жеке-жеке төленеді.

Жылжымайтын мүліктің есептік құнын мемлекет анықтайды. Бұл міндет Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясына жүктелген. Белгіленетін құн нарықтық бағадан төмен болуы мүмкін, бірақ салық есептеу кезінде негізгі көрсеткіш ретінде қолданылады. Тұрғын үйлер мен саяжайларды бағалауда сән-салтанат коэффициенті енгізіледі, ал жергілікті мәслихаттар оны 50 пайызға дейін арттыра алады.

Қысқасы, 2026 жылдан бастап қымбат көлік, яхта, ұшақ, алкоголь, темекі және жоғары құнды жылжымайтын мүлікке нақты салық пен акциз белгіленеді. Салық мөлшері мүліктің жалпы құнына қарай есептеліп, бақылау мен есептеуді мемлекет жүзеге асырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button