Үржар ауданында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған әлеуметтік орталықтың жаңа корпусы пайдалануға берілді

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Үржар ауданына барып, Ақжар ауылындағы «Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» жанынан салынған жаңа қосымша ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Әлеуметтік маңызы зор нысанның іске қосылуы ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, олардың қауіпсіз әрі жайлы жағдайда тәрбиеленуіне, білім алып, оңалтудан өтуіне мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатына облыстық басқармалар мен аудан әкімдігінің өкілдері, әлеуметтік сала қызметкерлері, педагогтер, медицина мамандары, ата-аналар және ауыл тұрғындары қатысты. Жиналғандар жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі өңірдегі әлеуметтік қолдау жүйесін дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ерекшеліктері бар 3 пен 18 жас аралығындағы балаларға стационарлық және жартылай стационарлық жағдайда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Қазіргі уақытта мұнда 56 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде 20 бала тірек-қимыл аппаратының бұзылуына байланысты арнайы оңалту қызметін алады, ал 36 бала психоневрологиялық ерекшеліктеріне байланысты кешенді әлеуметтік-педагогикалық қолдаумен қамтылған.
Балалар жас ерекшеліктері мен психофизиологиялық даму деңгейіне сәйкес алты топқа бөлініп оқытылады. Әр топпен арнайы даярлықтан өткен педагогтер, дефектологтар, логопедтер, психологтар, әлеуметтік педагогтер мен тәрбиешілер жүйелі жұмыс жүргізеді. Бүгінде орталықта 29 педагог қызмет атқарады. Сонымен қатар медицина қызметкерлері, оңалту мамандары және әлеуметтік қызметкерлер балалардың денсаулығын нығайту мен әлеуметтік бейімделуіне бағытталған жұмыстарды жүзеге асырып келеді.
Қызмет көрсету стандартына сәйкес орталықта арнаулы әлеуметтік қызметтің сегіз түрі ұсынылады. Олар әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық қолдау бағыттарын қамтиды. Бұл қызметтердің барлығы ерекше қажеттіліктері бар балалардың өмір сапасын жақсартуға, олардың қоғамға бейімделуіне және әлеуетін дамытуға бағытталған.
Пайдалануға берілген жаңа екі қабатты корпус заманауи талаптарға сай салынған. Мұнда кең әрі жайлы жатын бөлмелер, ойын және демалыс аймақтары, арнайы мамандардың кабинеттері, оңалтуға арналған бөлмелер, санитарлық-тұрмыстық орындар және қызметкерлерге арналған жұмыс кабинеттері қарастырылған. Ғимарат ерекше қажеттіліктері бар балалардың қауіпсіз қозғалысына толық бейімделіп, барлық қажетті инженерлік жүйелермен және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Жаңа корпустың іске қосылуы орталықтың материалдық-техникалық мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтіп, тәрбиеленушілерге көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар балалардың күнделікті тұрмыстық жағдайы едәуір жақсарып, оңалту және білім беру жұмыстарының тиімділігі артады.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли бұл жобаның өңірдің әлеуметтік саясаты тұрғысынан айрықша маңызға ие екенін атап өтті.
«Бүгінгі шара – облысымыздың әлеуметтік саласындағы маңызды әрі қуанышты оқиға. Біз ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа ғимаратты пайдалануға беріп отырмыз. Бұл – балалардың өмір сүру жағдайын жақсартуға, сапалы әлеуметтік қызметтер көрсетуге және олардың жан-жақты дамуына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Халықаралық балалар күніне арналған құттықтауында: «Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет», – деп ерекше атап өтті. Бұл – еліміздегі әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі.
Өткен жылы Үржар ауданына келген жұмыс сапарымда осы нысанды арнайы аралап көрген болатынмын. Сол кезде құрылыс жұмыстарының баяулап қалғанын байқап, бұл мәселені дереу шешу жөнінде тапсырма берген едім. Қажетті қосымша қаржы бөлініп, мердігер ұйымдарға нақты талап қойылды. Соның нәтижесінде бүгінде көптен күткен жаңа корпус толық аяқталып, пайдалануға беріліп отыр.
Соңғы жылдары психоневрологиялық ерекшеліктері бар балаларды арнайы әлеуметтік қызметпен қамтуға деген сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді. Осыған байланысты орталықтың материалдық-техникалық базасын кеңейту аса маңызды болды. Бүгін ашылып отырған жаңа екі қабатты корпус осы қажеттілікті едәуір қамтамасыз етеді. Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы артып, барлық қызметтер бір жерде көрсетілетін болады.
Осы маңызды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан құрылысшыларға, жобалаушыларға, әлеуметтік сала мамандарына, мемлекеттік органдарға және барша қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.
Жаңа ғимараттың пайдалануға берілуі бұрыннан шешімін күткен маңызды мәселені толықтай жойып отыр. Бұған дейін медициналық блок пен асхана негізгі ғимараттан шамамен 170 метр қашықтықта орналасқан болатын. Соның салдарынан балалар күн сайын ашық алаң арқылы қатынап, әсіресе қыс мезгілінде, жауын-шашын мен қолайсыз ауа райы кезінде айтарлықтай қиындықтарға тап болатын. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін бұл қосымша қауіпсіздік мәселесін де туындатқан.
Енді жаңа корпус негізгі ғимаратпен біріктіріліп, барлық қажетті бөлімдер бір кешенде орналасқан. Бұл балалардың күнделікті қозғалысын жеңілдетіп қана қоймай, қызмет көрсету процесін де тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қызметкерлердің жұмысы оңтайланып, медициналық және әлеуметтік көмекті көрсету жылдамдығы артады.
Жаңа нысанның іске қосылуы нәтижесінде орталықтың жалпы аумағы едәуір кеңейді. Бұрын мекеменің жалпы ауданы 2 381,48 шаршы метр болса, жаңа корпус есебінен оның мүмкіндігі айтарлықтай ұлғайып, балалардың өмір сүруіне, тәрбиеленуіне, білім алуына және оңалтудан өтуіне қажетті барлық жағдай жасалды.
Қазіргі таңда өңірде арнайы әлеуметтік қызмет алуға мұқтаж балалар санының артуына байланысты орталықты одан әрі дамыту жоспарланып отыр. Болашақта төсек-орын қорын қазіргі деңгейден 70 орынға дейін көбейту көзделуде. Бұл қосымша балаларды әлеуметтік қолдау жүйесімен қамтуға, кезекте тұрған отбасылардың мәселесін кезең-кезеңімен шешуге және ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, жаңа корпустың пайдалануға берілуі – облыста ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Мұндай жобалар өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтып қана қоймай, әрбір баланың қауіпсіз, жайлы ортада өмір сүріп, толыққанды дамуына жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.



