Облыс әкімі Көкпекті ауданындағы «Толағай» белсенді ұзақ өмір сүру орталығында болды

Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапары барысында Көкпекті ауылында орналасқан «Толағай» белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметімен танысты. Аймақ басшысы орталықтың материалдық-техникалық базасын аралап көріп, мұнда тұрғындар үшін жасалған жағдайлармен және ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытындағы жұмыстармен танысты.
«Толағай» орталығы өз жұмысын 2023 жылы бастаған. Бұл – облыс аудандары арасында «Ұлттық спорт ойындары орталығы» ретінде жұмыс істейтін алғашқы мекеме. Бұған дейін ауыл тұрғындары арнайы жабдықталған спорттық-сауықтыру нысанының қажеттігін бірнеше рет көтерген болатын. Осы сұранысты ескере отырып, ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, ұлттық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған заманауи орталық пайдалануға берілді.
Бүгінде орталықта 22 қызметкер еңбек етеді. Негізгі қызмет бағыты – ұлттық спорт түрлерін дамыту, тұрғындарды тұрақты түрде спортпен айналысуға тарту және бұқаралық спортты насихаттау.
Қазіргі уақытта орталықта жеті бағыт бойынша үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, мұнда бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, асық ату, тоғызқұмалақ және садақ ату спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылдануға мүмкіндік жасалған.
Сонымен қатар өткен жылы орталық жанынан заманауи фитнес залы ашылды. Ол жүгіру жолақтарымен, велотренажерлармен, гирьлермен және өзге де спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл ауыл тұрғындарының дене шынықтырумен жүйелі айналысуына қолайлы жағдай жасап отыр.
Қазіргі таңда орталық қызметін 165 адам тұрақты пайдаланады. Оның ішінде 80-і мектеп оқушысы, ал 85-і ересек тұрғындар. Орталық бір мезетте 40–45 адамды қабылдай алады және аптасына алты күн жұмыс істейді.
Тұрғындардың қолайлылығы үшін ерлер мен әйелдерге арналған жеке сабақ кестелері қарастырылған. Сонымен қатар зейнеткерлерге аптасына екі рет спортпен тегін айналысуға мүмкіндік берілген. Бұл бастама егде жастағы тұрғындардың денсаулығын нығайтуға және белсенді өмір салтын ұстануына оң әсерін тигізіп отыр.
Орталықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Берік Уәли мұндай нысандардың ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартудағы маңызы ерекше екенін атап өтті.
«Бұл нысан өте сапалы салынған әрі әртүрлі жастағы тұрғындардың қажеттіліктері ескеріліп жобаланған. Халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды орталықтардың бірі. Ең бастысы – мұнда ардагерлерге, зейнеткерлерге және балаларға көрсетілетін қызметтердің тегін болуы. Бұл – тұрғындардың сұранысына толық жауап беретін, ауыл үшін аса қажет әлеуметтік нысан. Орталықтың салынуына үлес қосқан барлық азаматтарға облыс жұртшылығы атынан алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да қатысты. Берік Уәли ауданның ақсақалдарымен бірге орталық ғимаратының алдына шырша көшеттерін отырғызды.
Экологиялық акция барысында қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, елді мекендерді көгалдандыру және табиғатты аялау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Шырша көшеттерін отырғызу арқылы орталық аумағын абаттандырумен қатар, болашақ ұрпаққа көркейген, жасыл әрі жайлы орта қалыптастыруға үлес қосылды.
Жалпы, «Толағай» белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұлттық спортты дамыту, бұқаралық спортты қолдау және ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту бағытындағы маңызды әлеуметтік жобалардың біріне айналып отыр. Мұнда жасалған заманауи жағдайлар тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.


