Бородулиха ауданында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық марафоны жалғасуда

Бородулиха ауданында елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Соның бірі – ауылдық округтерде ұйымдастырылатын жалпыаудандық сенбіліктер.
Шара арқылы тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, аудан әкімдігі аппаратының, дербес бөлімдердің, ауылдық және кенттік округтер қызметкерлерінің, мекеме ұжымдарының бірлесіп еңбек етуіне мүмкіндік береді.

Жалпыаудандық тоғызыншы сенбілік Жерновка ауылдық округінде өтті. Сенбілік барысында Жерновка ауылында шөп шабылып, қоғамдық орындар тазартылды және жол бойындағы қоқыстар жиналды.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» акциясы шеңберінде Жерновка көлдерінің жағалауы қоқыстан тазартылды.

Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – елді мекендерді таза ұстаумен қатар, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен жауапкершілігін арттыру. Өйткені ауылдың тазалығы – әрбір тұрғынның күнделікті ісі мен ортақ жауапкершілігі.



